Текелі қаласының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші ұлғайып, салыстырмалы түрде өткен жылдардағы нәтижеден жақсарған. Бұл жөнінде журналистермен кездескен Текелі қаласының әкімі Айдос Бекетаев айтты. Спикердің сөзінше қалада 52 кәсіпорын жұмыс істеп, 2025 жылдың 9 айында 24,2 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Ал ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 3,3 миллиард теңгені құрады. Мемлекеттік бюджетке түскен түсім 6,5 миллиард теңгеге жетіп, инвестициялық белсенділік артты.
Өз сөзінде қала әкімі: – Бүгінде «Текелі энергокешені» ЖШС бу-газ қондырғысын салу жобасының бірінші кезеңін іске асырып (25,4 миллиард теңге), «РУАЛ» сауда үйін ашты, ал жыл соңына дейін көпфункционалды ойын-сауық кешені мен жуғыш заттар шығаратын зауыт іске қосылмақ.Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1,7 мыңға жетіп, бюджетке түскен салық түсімдері 2,3 млрд теңгені құрады, сондай-ақ 1 жобаға 82 миллион теңгелік кепілдік беріліп, 14 грант табысталды. Құрылыс жұмыстарының көлемі 6,8 миллиард теңгені құрап, Ғарышкерлер көшесіндегі 40 пәтерлі несиелік үй пайдалануға берілсе, Сейфуллин көшесіндегі 60 пәтерлі үй мен осал топтарға арналған жаңа тұрғын үйдің құрылысы жүруде, ал апатты деп танылған 212 пәтердің 203-і сатып алынды, – деді.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында және демеушілердің қолдауымен орталық алаң, арбат, саябақтар жөнделіп, 27 балалар және спорт алаңы салынуда, 4 шағын ауданда 31 көшені жарықтандыру тіректерін орнату жұмыстары жүріп жатыр, сондай-ақ 15 көпқабатты үйдің шатыры күрделі жөнделіп, 8 үйдің қасбеті жаңартылды.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бағытында «Алатау» шағын ауданының 17 шақырым жылу желісі толық жаңартылып, «Металлург» шағын ауданының 19 шақырым жылу желісін жөндеу жобасы әзірленді. Қаланың 194,2 шақырымға газ тарату желілері тартылып, тұрғындардың 92%-ы (28 мыңға жуық адам) табиғи газға қол жеткізді. Ал сумен жабдықтау (26 км), кәріз желілері мен «Бәйбіше» магистралды каналын күрделі жөндеу жұмыстары жүруде.
Халықты жұмыспен қамту аясында 253 жаңа жұмыс орны құрылып, 149 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек берілген. Білім беру саласында 4754 оқушы толық оқулықпен және 1-4 сыныптар тегін ыстық тамақпен қамтылып, Рудничний ауылында 200 орындық жаңа мектеп салынса, денсаулық сақтау мен мәдениет салалары жаңа блок-модульдік пункттермен, жабдықтармен және спорт нысандарын жөндеу жұмыстарымен толықтырылуда.
Қала әкімі айтып өткен негізгі әстер осылар болды. Жоспарда тұрған істер де баршылық. Қала тұрғындырамен жиі жолығып, олардың мәселесін тыңдап, сол бойынша іс жасап жатқандығын айтты.
«Жетісу Ақпарат».





