Жапонияның Айти-Нагоя қаласында өткен ХХ Азия ойындары мен V Пара Азия ойындарында ел намысын қорғап, жүлделі орындарға ие болған жетісулық спортшылар мен жаттықтырушыларға құрмет көрсетілді. Облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ халықаралық додада жақсы нәтижеге қол жеткізген ел мақтаныштарын арнайы құттықтады.
Кездесу барысында аймақ басшысы саңлақтар мен бапкерлеріне отандық спортты дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ, халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап, аймақ мерейін асырған спортшылардың табандылығы мен еңбегін атап өтті.
Бұл жетістікке үлкен еңбектің, төзімділіктің, тынымсыз дайындық пен жеңіске деген сенімнің арқасында жеттіңіздер. Сіздердің табыстарыңыз – біз үшін ғана емес, тұтас еліміз үшін зор мақтаныш, – деді Бейбіт Исабаев.
ХХ Азия ойындарында Қазақстан құрамасы сапында облыстан спорттың 8 түрі бойынша 23 спортшы бақ сынады. Олардың қатарында велоспорттан сынға түскен Евгений Федоров күміс медаль иеленіп, ел қоржынына жүлде салды.
Спортшы халықаралық жарыстарға қатысуға мүмкіндік беріп, заманауи велосипед сатып алуға қолдау көрсеткен облыс басшылығына және жарыс барысында үйлесімді жұмыс атқарған «Астана» командасына ризашылығын білдірді.
Ал V Пара Азия ойындарында облыстың 11 саңлағы спорттың 4 түрінен өнер көрсетті. Нәтижесінде пара садақ атудан Нұршат Төлеуқасым мен Темірлан Сейткамал күміс жүлдегер атанса, пара үстел теннисінен Марат Суртубаев пен Талғат Ерекеев қола медаль жеңіп алды.
Кездесуде аймақ басшысы инклюзивті спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Оның айтуынша, Талдықорған қаласында «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен инклюзивті спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Нысанды келер жылдың бірінші жартысында пайдалануға беру жоспарланған. Жаңа кешенде бір мезгілде 500 адам спорттың 25 түрімен айналыса алады.
Өз кезегінде Нұршат Төлеуқасым халықаралық жарыстағы нәтижелерімен бөлісті. Ол күміс жүлдені жұптық сайыста, ал қола жүлдені жекелей сында иеленгенін айтып, алдағы жылы Паралимпиада ойындарына жолдама алу үшін бар күшін салатынын жеткізді. Сондай-ақ, пара үстел теннисінен екі қола медаль жеңіп алған Марат Суртубаев бұл нәтижені ел спорты үшін тарихи жетістік деп бағалады. Спортшы алдағы мақсаттарының бірі – Паралимпиада ойындарына лицензия иелену екенін атап өтті.
Жиын соңында Бейбіт Исабаев спортшылар мен жаттықтырушыларды тағы да құттықтап, өңірде бұқаралық және кәсіби спортты қолдау, спортшылардың сапалы дайындалуына қажетті жағдай жасау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтты.
Жетісу спортшыларының халықаралық жарыстарда көрсеткен нәтижелері – қажырлы еңбек пен жүйелі дайындықтың жемісі. Олардың жетістігі жас буынға үлгі болып, аймақ спортының дамуына серпін беретіні сөзсіз.
Еңлік КЕНЕБАЙ





