Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Үкіметке шаруаларды ұзақмерзімді қаржымен қамтамасыз етудің тиімді тетіктерін енгізуді тапсырды. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға, суармалы егіншілікте су үнемдейтін технологияларды қолдануға және су қорын цифрлық есепке алуға басымдық берді. Өнімді терең өңдеу, сақтау мен өткізу ісін жетілдіріп, осы қызметтерді шағын шаруашылықтарға да қолжетімді ету мәселесін көтерді.
Бұл міндеттердің Жетісу үшін маңызы зор. Өңірімізде егіншілікке қолайлы жер де, өнім өңдейтін кәсіпорындар да жеткілікті. Биыл 146 мың гектардан астам алқапқа су берілді. Жетісудың төл дақылы қант қызылшасы 13,5 мың гектарға егіліп, жиын-терін басталғанда 585 мың тонна өнім жинау межеленді. Ақсу мен Көксу қант зауыттарын жаңғыртқаннан кейін олардың жиынтық өңдеу қуатын 950 мың тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Жалпы алғанда, биыл қызылша өндіруші Жетісу мен Жамбыл облыстары бір миллион тонна шамасында қызылша жинап, одан 140-145 мың тонна қант өндірілсе, бұл республиканың қантқа деген қажеттілігінің 25 пайызын қамтамасыз етер еді. Қант зауыттарында заманауи қондырғылар орнату жұмыстары қант шығымдылығын арттыруға бағытталған.
Биылғы жазда Қаратал өзенінің деңгейі төмендегенде, Көксу бөгетінен қосымша су жіберуге тура келді. Сондықтан егіс көлемін ұлғайту жайын сөз еткенде, әуелі сол алқапқа су дер кезінде жете ме деген сұрақ туады.
Менің бағалауымша, Жетісудың егіншілікке қолайлы алқаптарында дақылдың өсіп-жетілу кезеңі (вегетация) 140-150 күнге созылады. Осы уақыттағы белсенді температуралар жиынтығы 2300-2500°С шамасында. Кейбір алқаптардағы қоңыр және сұр топырақтың бонитеті, яғни жер сапасының бағасы, 60-70 балға жетеді. Мұндай табиғи жағдай қызылша, жүгері, бұршақ тұқымдас, көкөніс және мал азықтық дақылдардан мол өнім алуға мүмкіндік береді. Сол мүмкіндікті пайдалану әр танаптың топырағын танып, соған сай жұмыс істеуден басталады.
Бір танапта фосфор жетіспеуі мүмкін, ал көрші танапқа басқа қоректік элемент қажет болуы мүмкін. Сондықтан тыңайтқыштың түрі мен мөлшерін топырақ талдауына қарап белгілеген жөн. Тұқым таңдағанда да осы ұстаным керек. Сорттық дақылдарға жергілікті жағдайға бейім, жоғары репродукциялы тұқым, ал қызылшаға өнімді әрі өңірде кездесетін ауруларға, әсіресе ризомания инфекциясына төзімді бірінші ұрпақ буданы қажет. Жақсы тұқымның мүмкіндігін ашу үшін егісті арамшөптен, зиянкестерден және аурудан дер кезінде қорғау маңызды.
Диқан өз жерінің мінезін біледі. Қай тұста су тұрып қалатынын, қай танаптың ерте кебетінін тәжірибеден көреді. Сол біліміне топырақты талдай білетін, тұқым таңдауға және егіс кестесін жасауға көмектесетін кәсіби маманның кеңесі қосылса, шаруаның жұмысы алға басатыны заңды. Менің байқауымша, шағын қожалықтардың көбінде мұндай маман жоқтың қасы. Әр шаруаның жеке агромаман ұстауға мүмкіндігі бола бермейтіндіктен, бірнеше ауылға ортақ агрономиялық қызмет ұйымдастыруға болады.
Шағын шаруашылыққа берілген қолдаудың тиімділігін жердің құнарын сақтауға қаншалықты көмектескенінен де байқауға болады. Иелігінде 20-30 гектар ғана жері бар шаруаның агротехникалық талаптарға сай ауыспалы егіс жүргізуі қиын. Суармалы жерде 5-7 танапты ауыспалы егіс ұйымдастыру үшін шамамен 200-270 гектар қажет. Тәлімі егіншілікте ірі танаптарға негізделген үлгіге 1000-1200 гектардай жер керек. Нақты көлем дақылдың түріне, танаптардың орналасуына және шаруашылықтың мүмкіндігіне байланысты.
Жерді 49 жылға жалға алғанның өзінде, бір дақыл жыл сайын сол танапқа егіле берсе, топырақ біртіндеп тозады. Ертең кейінгі ұрпаққа құнары төмен алқап қалу қаупі туындайды. Сондықтан шағын шаруаларға көрші қожалықтармен келісіп, ауыспалы егісті бірге жоспарлау үшін кооператив құруды ойластырған жөн. Сонда әрқайсысы өз жерінде еңбек ете отырып, дақылдарды кезектестіре алады, топырағын бірлесіп талдатып, агрономиялық қызмет пен техниканы ортақ пайдалана алады.
Қызылша шаруашылығының тарихы мұның маңызын көрсетті. Ауруға төзімді будандарды сынау өңірде қызылша егісін қайта жандандыруға жол ашты. Кейін қызылша бір танапқа қайта-қайта егілгенде, тамыржемісті шірітетін аурулар қайтадан шығынға ұшыратты. Өз зерттеулерімде жоңышқа мен күздік бидайдың қызылшаға қолайлы дақылдар қатарында екені анықталды. Жоңышқа ауыспалы егіске жарайды әрі малға азық болады. Сүт пен ет өндіретін шаруашылықтары бар Жетісуда жоңышқа өсіру егіншілік пен мал шаруашылығын ұштастыруға мүмкіндік береді.
Менің бағалауымша, бүгінде облыста ауыл шаруашылығына жеткілікті қолдау көрсетілуде. Шаруалар демеуқаржы алып, сапалы сорттық тұқым мен тиімді тыңайтқышқа қол жеткізіп отыр. Қызылша өсіретін диқан өнімін қайда өткіземін деп қиналмайды. Ақсу мен Көксу қант зауыттары өнім қабылдайды, ал олардың қуаты артқан сайын өңірде өсірілген қызылшаны жергілікті жерде өңдеу мүмкіндігі де кеңейеді. Басқа дақыл өсіретін шаруаларға да сыртқы нарыққа жол ашық. Осы мүмкіндікті табысқа айналдыру үшін диқан көктемде-ақ өнімін кімге, қандай бағамен және қандай шартпен өткізетінін білгені жөн. Сонда ол тұқымға, тыңайтқышқа, техникаға және тасымалға кететін шығынды алдын ала есептеп, келесі маусымын сеніммен жоспарлай алады.
Ірі шаруашылықтардың ауыл алдындағы жауапкершілігіне де тоқтала кетейін. Кей жағдайда гектарына берілетін демеуқаржы сол алқапқа жұмсалған шығынның едәуір бөлігін, тіпті түгелін жабуға жеткілікті екені белгілі. Осындай қолдауға ие ірі шаруашылық өзі еңбек етіп отырған ауылдың әлеуметтік жағдайына қарайласуды парызы санауы керек. Ауылға не қажет екенін тұрғындармен ақылдасып шешкен жөн. Бір ауылға жол жөндеу маңызды болса, екіншісіне спорт кешенін салу немесе Мәдениет үйін жаңарту қажет болуы мүмкін. Ірі шаруашылықтар осындай істерге үлес қосып, Президенттің «Халықтық құрылыс» бастамасын ауылда қолдай алады.
Жолдауда айтылған жаңғыртудың нәтижесін диқанның күнделікті жұмысынан көруге болады. Ол көктемде қай танапқа не егетінін, жазда суын қашан алатынын, күзде өнімін кімге өткізетінін білсе, еңбегінің қайтарымын алдын ала есептей алады. Сол еңбектің нәтижесі ауылдың тұрмысын жақсартып, жердің құнары кейінгі ұрпаққа сақталса, Жетісудың табиғи мүмкіндігін орнымен пайдаланғанымыз болар еді.
Әбілхайыр Бексұлтан
ҚР Ұлттық агро ғылым
академиясының Құрметті
академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты





