Ғасырлар қойнауынан біздің дәуірімізге әулиелігімен, шешендігімен аты жеткен, ерекше дарынымен өлең сөздің майын тамызған, айтыскер ақын Қабан жырау – Қабылиса бабамызды еске алудың бір сәті келіп қалған сияқты. Қазақтың кең даласын емін-еркін шарлаған, қолына домбырасын алып, төкпе ақындық дарынымен айтысқан кезде алдына жан салмаған кемел ойдың иесі, кең тынысты жампоз жырау туралы аңыз-әңгіме ұзақ жылдардан бері қалың жұртшылықты қызықтырып, үзбей айтылып келеді. Осыдан 35 жыл бұрын жыр атасы – Қабан жырау бабамыздың 300 жылдық мерейтойы Жетісу өңірінде дүрілдей өткізіліп, қалың жұртшылық бір серпіліп қалған еді.
2006 жылдың күзінде Талдықорған қаласында тіршілікте іргелері ажырамай ел-жұрттың қамқоршысы болған, әулие, батыр, шешен Ескелді би, Балпық би, Қабан жырау бабаларымызға арналған ескерткіш бой көтеріп, өскелең ұрпаққа өнегелі тәлім-тәрбие беретін іс-шаралар жүзеге асырылған болатын. Қабан жырау бабамыз:
Іле өзенін жерлеген,
Сыр суындай өрлеген,
Дұшпанға намыс бермеген,
Бақ пен дәулет кернеген,
Он екі ата Жалайыр,
Аршынға қолын сермеген,
Маңына дұшпан келмеген,
Тұлпар аттар сол елде,
Ақ ордаға бағылып,
Дорбадан тұрып, жем жеген, – деп өзі жырға қосқан Іле өзенінің бойында жерленген. Сонау жылдары Қабан жыраудың кесенесі демеушілер мен жанашырлардың, ұрпағының көмегімен қайта көтеріліп, жаңартылды. Сол жылы Балқаш ауданындағы Іле өзенінің бойындағы Көкбастау бөктерінде көріпкел, әулие, жыр атасы атанған Қабан (Қабылиса) жырауға арнайы ас берілді.
Жалайырдың Мырза атасынан шыққан Асанұлы Қабан жырау бабамыз 1686 жылы дүниеге келіп, 1776 жылы шамамен 90-нан асқан шағында қайтыс болған. Туған жері Көксу ауданындағы Шаған тауының етегі.
Азан шақырып қойған есімі Қабылиса екен. «Қабан» деп аталуы туралы ел арасында әртүрлі дерек бар. Алып тұлғалы, жойқын күштің иесі, білекті, қуатты, атан түйенің жүгін көтеретін батыр Қабылиса бабамыз жаугершілік кезінде асқан батылдық танытып, қарсы келгенді жаншып, таптап кететін қара күш иесі болғандықтан жұрт «Қабан» атап кеткен. Қайткенде де бабамыз өз заманында әулиелігімен, батырлығымен, жыраулығымен аты шыққан тарихи тұлға екені анық.
Жырау өмір сүрген XVII ғасыр қазақ халқы үшін ауыр кезең еді. 1723 жылғы «Ақ табан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасы, туған жерді тастап, елдің Сыр бойына, оңтүстік өлкелерге ығысуына жеткізді. Қасиетті жерді шапқыншылардан қорғау жолындағы қиян-кескі, жан кешті ұрыстарда Ескелді би, Балпық би, Қабан жырау сияқты қаһармандар қолға найза алып, ерлік көрсеткен, ұрпақ үшін қасық қанын да, шыбын жанын да аямай, небір қиыншылықты бастан кешірді.
Ақындық жолға 15 жасында түсіп, айтыс өнерінің келісті керуенін түзеген ол алғаш рет Албандағы Тұмарша деген келіншекпен, кейін Арқадағы Таутан қызбен айтысады. Белгілі әдебиет зерттеушісі, ақын, ғалым Сәрсенбі Дәуітұлы бабамыз туралы: «Қабан жырау ұзақ батырлар жырларын, таңды таңға ұрып, жатқа айтады екен. Кейбір дастанның көлемділігі сондай, айлап жырланатын көрінеді. Осындай мол дүниені еркін толғап жырлағандықтан «жырау» атаныпты» – деген тұжырым жасайды. Бүгінгі күнге жеткен өлеңдерін оқи отырып, халыққа тәлім-тәрбие беретін «Халықпыз біз, қиынбыз», «Ойлап тұрсақ, жігіттер», «Жасқа сатпа әкеңді» секілді өлеңдерінің құндылығына қайран қаласың.
Әйгілі қаламгер Мұхтар Әуезов айтыс жөніндегі пікірінде: «Шынында Жанақ, Сүйінбай, Шөже, Түбек, Майкөт, Қабан, Құлмамбет, Жамбыл сияқты талай елдерге есімі жайылған ақындарды алсақ, солардың өмір бойы қолданған негізгі ақындық жанры, көбінесе айтыс екенін білеміз. Бұлар ұзақ өмір жасаған ақындар болумен қатар, барлығы да айтысқа ерте араласып, 15-16 жастарынан ақындық өнерлерін бастаған», – дейді.
Тағы бірде Мұхтар Әуезов: «Жалайыр Қабан ақын өзімен айтысатын ақын отырған ауылға айдаладан домбырасын шертіп, әндетіп келеді», – деуі арқылы бабамыздың арқалы ақын екенін дәлелдейді.
1993 жылы жазушы Төлен Қаупынбайұлы құрастырған «Қабан жырау» деген кітапта, 2007 жылы жазушы Ораз Исмайлов шығарған «Жыр атасы – Қабан жырау» атты кітапта тиянақты дәйектер келтірілген. ХV-ХVІІ ғасырларда өмір сүрген ақын-жыраулардың өмір деректері мен шығармашылығын зерттеген жазушы, ғалым Мұхтар Мағауиннің: «Жырау өз тайпасының рухани тірегі, ақылгөй ақсақалы, жырау – ең алдымен философ» – деуінің тамыры тереңде жатқаны анық.
Қабан жырау жалғыз қызы Қоянкөзді ерекше жақсы көріп, қадір тұтқан екен. Аузы дуалы, әулие, ақын бабамыз жат жерге ұзатылған қызынан: «Балам, не қалайсың менен? Көген аласың ба, жоқ әлде өлең аласың ба?» – деп сұрауының өзінде перзентіне деген шынайы сүйіспеншілік, өзгеше ілтипат жатыр.
Көгенді қайтейін әке, ол бір жұттық қой, топалаң келсе қырылып қалады. Қисаңыз мұраңыз – өлеңіңізді беріңіз, – деген екен батыл мінезді Қоянкөз. Абзал әке, жат жұртқа кетіп бара жатқан қызынан несін аясын?! «Жарайды, онда қолыңды жай!» – деп ақ бата беріпті. Кейіннен: «Менің ұлдарыма ақындық өнерім дарымайды. Енді оның мұрагері қызым мен жиендерім, ақындық қасиетім соларға кететін болды», – депті деген аңыздың астарында ақиқат жатқаны сөзсіз. Аузы дуалы, әулие, батыр, ақын Қабан жыраудың қызы Қоянкөз келін болып түскен Шапырашты елінен қаншама ақын-жыршы, әнші, күйші, өнерлі адамдардың шыққанын ешкім терістей алмайды.
Ұлы жүздің ірі ақындары Сүйінбай, Бақтыбай, Жамбыл, Кенен сынды тарланбоз ақын-жыраулар Қабан жырауды өзіне ұстаз санап, пір тұтқан. Тіпті, ақынның жыр төгер сәттегі қасиеттерін қайталауды өнегелі дәстүр санаған. Ол жөнінде Кенен Әзірбаев:
– Ұлы жүз ұлағат қылған
Сүйінбайды,
Өлең-жыр Сүйінбайсыз бұйырмайды,
Ақындар Сүйінбайды атамаса,
Баяғы басқан ізін шиырлайды.
Ұстазы Сүйінбайдың –
Қабан ақын,
Бас иген Ұлы жүзде тамам ақын,
Нағашысы Жалайыр Қабан-ды деп,
Жамбыл атам айтатын маған атын,
Атағың үлкен еді Қабан жырау,
Жамбылдың айтқан сөзі
есте тұр-ау,
Жиені Сарбас ақын сөйлегенде,
Әдеті мұртын қағып, құлақ бұрау, – деп талай сырдың бетін ашып, ақынды ерекше құрмет тұтатынын жеткізген. Сондай-ақ, филология ғылымының докторы, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков: «Қабан – Сүйінбайдың да, Сарбастың да нағашысы. Сүйінбайдың, Сарбастың, Кененнің жыр айтарда аспанға қарап қолын сермеп, құлақ бұрауы сол Қабаннан қалған. Қабан кезінде өте ірі жырау болған, айлап айтса таусылмайтын ұзақ эпостарды, заманы жайында терең толғауларды жырлаған. Өкініштісі соның ешқайсысы да сақталып бізге жетпеген. Сыпыра жырау тәрізді, Қабанның есімі өзінен кейінгі ақындардың аузынан түспеген» – деп әділ баға береді.
Тағы бір қызық жай, – деп жазады Қабан жырау туралы мақаласында ақын, ғалым Сәрсенбі Дәуітұлы. – Өлең толғап отырғанда өзін де өзгені де ұйытып, жырға беріліп кететіні сондай, төрден есікке, есіктен төрге әлденеше рет барып қайтады екен. Мұндайда ақынның бойына ғайыптан бір құдірет қонғандай болатын көрінеді, өйткені дауысынан да домбырасының қағысынан да айырықша күш-жігер есіп, өзі ұшатын қыранға ұқсап кетеді екен-мыс.
Ел басқарған көсем, сөз бастаған шешен Қабан ақынның жиі айтатын: «Батырсыз ел панасыз, ақынсыз ел санасыз», «Алмас тас топырақта жатса да алмас» деген нақылдары бүгінгі күні де құнын жоғалтқан жоқ.
Бабамыз жатқан Малайсары тауының етегіндегі Құланбасының батыс сілеміндегі жер Балқаш ауданының Қарағаш ауылына жақын. Биіктігі 10 метрден астам ақ күмбезі алыстан көзге шалынады. Жолы жөнделіп, шырақшысы белгіленген.
– Бақыт қайда барасың?
– Шариғат сөзін тыңдаған,
О дүниені ойлаған,
Аллалы үйге барамын, – дегеніндей еліміз Жаратқан Алладан қолдау тауып, көгіне бақыт қонсын! Халқымыз аман, жұртымыз тыныш болсын! Киелі Қабан жырау – Қабылиса бабамыздың шарапаты бәрімізге тие берсін.
Нұрила Бектемірова,
жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері,
Көксу ауданының
Құрметті азаматы