Елімізде жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, IT-инфрақұрылым, инвестиция тарту және «Digital Qazaqstan» стратегиясын іске асыру бағытында ауқымды халықаралық шара ұйымдастырылады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Қазіргі таңда Орталық Азия мен Кавказ аймағы технологиялық дамудың мүлде жаңа кезеңіне қадам басты.Жасанды интеллект саласындағы миллиардтаған долларлық жобалар нақты іске асырылып, өңір Еуразияның жетекші цифрлық орталығына айналуды көздеп отыр. Statista сараптамалық орталығының деректеріне сүйенсек,аймақтағы IT-қызметтер нарығының көлемі 2029 жылға қарай 5,6 млрд АҚШ долларына жетеді. Қазақстан 2025 жылдың қорытындысы бойынша IT-қызметтер экспортын алғаш рет 1 млрд доллардан асырып, 2020 жылғы 33,5 млн долларлық көрсеткіштен 1,142 млрд долларға дейін ұлғайтты. Осылайша 5 жыл ішінде отандық экспорт көлемі 34 есеге өсті.
Осындай қарқынды даму аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2027 жылғы 7-8 маусымда Алматы қаласындағы «Атакент» іскерлік ынтымақтастық орталығында екінші рет «GITEX AI Kazakhstan» халықаралық көрмесі өтеді. Аймақтағы ең ірі технологиялық жиын Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен, «Astana Hub» технопаркі мен Алматы қаласы әкімдігінің серіктестігі арқылы ұйымдастырылады. Еске сала кетсек, 2026 жылы өткен алғашқы көрмеге 86 елден 334 компания мен стартап қатысып, 12 мыңға жуық қонақ жиналған еді.
Алдағы 2027 жылғы көрме аясында іскерлік кездесулердің кеңейтілген бағдарламасы мен 5 жаңа тақырыптық экспозиция ұсынылады. Атап айтқанда, «GITEX SuperComputeX», «GITEX New EnergyX», «GITEX RobotiX»,«GITEX Cyber Valley» және «GITEX Intelligent Cities x Connectivity» бағыттары жұмыс істейді. Мамандардың айтуынша, жаңа бағыттар Екібастұз қаласындағы суперкомпьютерлік қуаттардан бастап дата-орталықтардың үздіксіз жұмысына қажетті энергетикаға дейінгі отандық жобалармен тікелей байланысты. Қарапайым тілмен айтқанда, дата-орталық дегеніміз – үлкен көлемдегі цифрлық ақпараттарды сақтайтын және өңдейтін арнайы серверлік кешен. Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев атап өткендей, «Digital Qazaqstan» стратегиясы елімізді Еуразиядағы жасанды интеллектіні әзірлеу мен енгізудің басты орталығына айналдыруға бағытталған.
Айта кетерлігі, Қазақстан дата-орталықтарды, ғарыштық есептеу жүйелерін, спутниктерді және Каспий теңізінің түбімен Әзербайжан мен Қазақстанды жалғайтын 380 шақырымдық суасты кабелін қамтитын «Цифрлық Жібек жолы» жобасын дамытуда. Сонымен қатар «NVIDIA» және «Firebird» компанияларымен жасалған 10 млрд АҚШ доллары көлеміндегі келісім Екібастұзда 100 мың GPU-ға арналған дербес суперкомпьютерлік қуаттарды құруға жол ашады. Google зерттеулеріне сәйкес, генеративті жасанды интеллект алдағы он жылда өңір экономикаларына жыл сайын 12-15 млрд доллар қосымша өсім әкеледі.
«GITEX AI Kazakhstan 2027» көрмесі отандық стартаптарға жаһандық инвесторлармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беріп, еліміздің цифрлық экономикасын жаңа белеске көтереді.





