Алматы қаласының тұрғыны «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығы арқылы Қытайға 5 келіден астам алтынды заңсыз алып өтпек болған. Алайда кедендік бақылау кезінде оның әрекеті әшкереленді. Тәркіленген бағалы металдың құны 488 миллион теңгеге бағаланған, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Ол бағалы металл құймаларын жабысқақ таспамен денесіне бекітіп, Қытайға алып өтуді көздеген. Алайда тексеру барысында кеден қызметкерлері жасырылған алтынды анықтаған.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, материалдар сотқа жолданған. Сотта мемлекеттік айыптаушы азаматтың экономикалық контрабандаға оқталу бойынша кінәсін дәлелдеген.
Панфилов аудандық сотының үкімімен ер адам кінәлі деп танылды. Сот шешіміне сәйкес, жалпы құны 488 миллион теңге болатын 5 келі 764 грамм алтын мемлекет кірісіне айналдырылды.
Осылайша, шекара арқылы бағалы металды жасырын алып өту әрекеті дер кезінде тоқтатылды.
Жетісу облысының прокуратурасы бұл оқиғаға қатысты ақпаратты жариялап, заңсыз әрекеттің жолы кесілгенін хабарлады.





