Қант диабеті – әлемдік медицина алдында тұрған күрделі мәселелердің бірі. Бір қарағанда, бұл тек қандағы қант мөлшерінің жоғарылауымен байланысты ауру болып көрінуі мүмкін. Алайда дер кезінде анықталып, бақылауға алынбаса, көздің көру қабілетінен бастап, жүрек-қантамырлары, бүйрек пен жүйке жүйесіне дейін зақым келтіреді.
Қазақстандағы ахуал да алаңдаушылық туғызады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы елімізде қант диабетімен ауыратын 535 033 адам диспансерлік есепке тұрған. Оның 504 456-сы – екінші типті, 30 577-сі бірінші типті қант диабетімен ауырады. Бір назар аударарлығы, олардың арасында 18 жасқа толмаған 5 625 бала бар. Бұл сандар аурудың алдын алу мен ерте диагностиканың маңызын тағы бір мәрте көрсетеді. Әсіресе қант диабетінің балалар мен жастар арасында анықталуы қоғамның денсаулыққа деген көзқарасын өзгертіп, дұрыс тамақтану мен белсенді өмір салтын қалыптастыру қажеттігін алға тартады.
Осы мәселенің маңызын ескере отырып, Талдықорған қаласындағы №2 емхана қант диабетінің алдын алуға арналған Ашық есік күнін ұйымдастырды. Шара барысында тұрғындарға қандағы глюкоза деңгейін анықтау, гликирленген гемоглобинге (HbA1c) талдау тапсыру және дәрігерлерден кеңес алу мүмкіндігі ұсынылды. Емхана мамандары тіркелген-тіркелмегеніне қарамастан келген азаматтардың барлығын қабылдады. Бір күнде 150 адамға дейін қамту жоспарланған. Қандағы қант көрсеткішінде ауытқу байқалған тұрғындар терапевттің, қажет болған жағдайда басқа бейінді мамандардың қабылдауына жіберілді. Олардың қатарында оториноларинголог, педиатр және офтальмолог бар. Әсіресе көз дәрігерінің тексеруі маңызды. Өйткені қант диабеті көздің торлы қабығын зақымдап, көру қабілетінің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Мұндай өзгерістерді ерте анықтау асқынудың алдын алуға мүмкіндік береді.
– Қант диабетінің пайда болуына бірнеше фактор әсер етеді. Соның бірі – тұқым қуалаушылық. Сонымен қатар адамның өмір салты, тамақтануы, қимыл-қозғалысының аздығы да аурудың дамуына ықпал етеді. Қант диабетінің бірінші және екінші типтері бар. Бірінші типі көбіне ағзаның инсулин өндіру қабілетінің бұзылуымен байланысты болса, екінші типінің дамуында артық салмақ, дұрыс тамақтанбау және қозғалыстың аздығы маңызды рөл атқарады. Қазіргі кезде балалар арасында да аурудың анықталуы жиілеп отыр, – дейді №2 емхана басшысының орынбасары Азат Исатайұлы.
Маманның айтуынша, бұрын қант диабеті көбіне 40-50 жастан асқан адамдарда кездессе, қазір 30 жастан асқан азаматтарда да анықталып жүр. Балалар арасындағы көрсеткіштің өсуі де алаңдатады. Әсіресе тәтті сусындарды, қант мөлшері жоғары өнімдерді шамадан тыс тұтыну, құнарлы тағамның орнына өңделген өнімдерге әуестену және дене белсенділігінің төмендігі екінші типті диабеттің даму қаупін арттырады. Семіздік те осы дертке жол ашатын негізгі факторлардың бірі. Әрине, тұқым қуалаушылықты өзгерту мүмкін емес. Дегенмен тамақтану тәртібін реттеу, дене белсенділігін арттыру, салмақты бақылау арқылы екінші типті қант диабетінің қаупін төмендетуге болады.
– Есепте тұрған науқастардың жағдайын тұрақты бақылап отырамыз. Олар жылына кемінде бір-екі рет қажетті қан талдамаларын тапсырып, эндокринологтың қабылдауында болуы керек. Гликирленген гемоглобин көрсеткіші арқылы соңғы үш айдағы қандағы қант деңгейін бағалаймыз. Егер науқастың көрсеткіштері ұзақ уақыт бойы қалыпты деңгейде сақталса, дәрігер оның жағдайына қарай емдеу тактикасын қайта қарауы мүмкін. Кей жағдайда дұрыс тамақтану, күн тәртібін сақтау және өмір салтын өзгертуге басымдық беріледі. Бірақ дәрі-дәрмекті өз бетінше тоқтатуға болмайды. Ең бастысы, науқас дәрігер бақылауынан шықпауы тиіс, – деген Азат Исатайұлы қант диабетінің ең қауіпті тұсы – оның асқынуында екенін де ескертеді.
Ауру салдарынан қан тамырлары мен жүйке талшықтары зақымданып, аяқтағы сезімталдық төмендеуі, жаралардың жазылуы қиындауы мүмкін. Мұндай жағдайда хирург маманының көмегі қажет болады. Сондықтан емханада диспансерлік есептегі науқастардың аяқ-қолының, терісі мен тырнақтарының жағдайына да назар аударылады. Қажет болған жағдайда хирургке жолдама беріледі.
– Ашық есік күнінің басты мақсаты – ауруы бар екенін білмей жүрген адамдарды анықтау. Тексеруге келген жүзден астам азаматтың арасынан бір-екі адамнан бұрын анықталмаған ауру табылса да бұл – үлкен нәтиже. Себебі бір адамның дер кезінде ем қабылдауы оның ғана емес, тұтас отбасының өмір сапасына әсер етеді. Біз үшін әрбір азаматтың денсаулығын сақтауға жасалған қадам маңызды, – дейді білікті маман.
Расында денсаулықтың қадірін ауырған кезде ғана түсінбеу керек. Қант диабеті бір күнде пайда болмайды, ал оның асқынуы адамның өмір сапасына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Сондықтан дұрыс тамақтану, күнделікті қозғалыс, профилактикалық тексеруден уақытылы өту және дәрігер кеңесін орындау – әр адамның өз денсаулығы алдындағы жауапкершілігі. Ауруды ерте анықтау – асқынуға жол бермеудің, ал тұрақты бақылау – қалыпты өмір сүру сапасын сақтаудың маңызды шарты.
Гүлжан ТҰРСЫН





