Қазақстанда 21 қарашадан бастап сабақтан себепсіз қалатын мектеп оқушылары туралы деректер полициямен бірге қадағаланып, мектептегі буллинг пен әлімжеттіктің алдын алу тәртібі түбегейлі өзгереді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Енді елімізде балалардың қауіпсіздігін күшейту және білім алу құқығын толық қамтамасыз ету мақсатында цифрлық бақылау жүйесі іске қосылады. Алматы қаласы Білім басқармасының ресми мәліметіне сүйенсек, 18 жасқа дейінгі барлық балалар туралы мәліметтер Ұлттық білім беру базасына топтастырылады. Аталған бірыңғай жүйеге баланың аты-жөні, ЖСН нөмірі, туған күні мен тұрғылықты мекенжайы енгізіледі. Онда тек мектеп оқушылары ғана емес, балабақша тәрбиеленушілері, колледж студенттері және әртүрлі себептермен оқумен қамтылмай қалған жасөспірімдердің де есебі жүргізіледі.
Балаларға қатысты бақылау қалай жүзеге асады?
Жаңа ереже бойынша сабаққа жүйелі түрде қатыспайтын, себепсіз жиі қалатын оқушылар ерекше бақылауға алынады. Ондай балалардың тізімі ай сайын ішкі істер органдарымен келісіліп отырады. Жауапты мамандар тиісті ақпаратты Ұлттық білім беру базасына әр айдың 10-на дейін міндетті түрде енгізуі тиіс.
Мұндай шара балаларды жазалау үшін емес, ең алдымен олардың қараусыз қалуының алдын алуға бағытталған. Себебі сабақтан жиі қалудың артында отбасындағы қиындықтар, әлеуметтік мәселелер немесе мектептегі қысым жатуы мүмкін. Дер кезінде анықталған мәселе жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді.
Буллингпен күрес: жылдам әрекет және психологиялық қолдау
Жаңа талаптар мектеп қабырғасындағы әлімжеттікпен күресудің нақты механизмін айқындайды. Егер оқушыға қысым көрсетілгені туралы ақпарат түссе, жергілікті білім басқармасы оны бір жұмыс күні ішінде ресми түрде тіркеуге міндетті. Бұрынғыдай мәселені жасырып қалуға немесе созбалаңға салуға жол берілмейді.
Тіркелген сәттен бастап мектеп әкімшілігі мен психологтар әлімжеттікке ұшыраған балаға да, қысым көрсеткен жасөспірімге де кешенді психологиялық көмек көрсетіп, әрқайсысымен жеке-дара жұмыс жүргізеді. Егер мектепішілік есепке алынған оқушының мінез-құлқы 6 ай ішінде оңалмаса, оның ісі кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жолданады.
Ішкі істер министрлігінің дерегінше, жыл басынан бері республика бойынша буллингке қатысты 355 дерек тіркелген. Мәселен, жақында Жамбыл облысы Қордай ауданындағы мектептерде оқушылардан ақша бопсалау деректері анықталып, салдарынан 7 адамға айып тағылған болатын. Осы оқиғадан кейін өңірдегі 4 ауданның әкімі мен облыстық білім басқармасының басшысына қатаң сөгіс жарияланды.
2026 жылғы 21 қарашада күшіне енетін жаңа ережелер осындай келеңсіз жағдайлардың қайталанбауына септігін тигізбек. Бірыңғай цифрлық есеп пен жедел психологиялық қолдау жүйесі мектеп ортасын балалар үшін қауіпсіз әрі жайлы етуді көздейді.





