Конституция – мемлекеттің саяси-құқықтық құрылымын айқындайтын, қоғамдық қатынастарды реттейтін басты құжат. Ол мемлекеттік басқару жүйесінің негізін қалыптастырып қана қоймай, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, қоғамдағы тұрақтылық пен заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Осы тұрғыдан алғанда, 2026 жылы қабылданған жаңа Конституция Қазақстанның дамуындағы маңызды кезеңнің бастауына айналды.
Жаңа Ата Заңның негізгі мақсаты – мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты жаңаша қалыптастырып, елдің құқықтық жүйесін заман талабына сай жетілдіру. Конституциялық өзгерістер мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға, билік тармақтарының жауапкершілігін күшейтуге және азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге араласу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Жаңа Конституцияның басты басымдықтарының бірі – адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау. Адамның өмірі, қадір-қасиеті, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде танылады. Бұл қағидат азаматтардың заң алдындағы теңдігін қамтамасыз етуге және құқықтық мемлекет негіздерін нығайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар заң мен тәртіп қағидатын орнықтыру қоғамдық жауапкершілікті арттырып, әділдік мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Конституциялық жаңғырудың тағы бір бағыты – мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру. Билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтау, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігін арттыру басқару сапасын жақсартуға ықпал етеді. Бұл ретте мемлекеттік шешімдердің қоғам мүддесіне сай қабылдануы және билік институттарының халық алдындағы жауапкершілігі айрықша мәнге ие.
Ата Заңның маңызы мемлекеттік құрылыммен ғана шектелмейді. Оның нормалары қоғамдық өмірдің дамуына да тікелей әсер етеді. Азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуы, қоғамдық бақылаудың күшеюі және азаматтық бастамалардың қолдау табуы демократиялық құндылықтарды нығайтуға негіз болады. Бұл үдерісте халықтың құқықтық сауаттылығы мен азаматтық белсенділігі де маңызды рөл атқарады.
Конституция елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да құқықтық негіз қалыптастырады. Заң үстемдігі, меншік құқығының қорғалуы және кәсіпкерлік қызметке қолайлы жағдай жасалуы экономикалық тұрақтылықтың негізгі алғышарттары саналады. Мұндай құқықтық орта инвестициялық ахуалды жақсартуға, кәсіпкерлікті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Дегенмен Ата Заңда бекітілген нормалардың нақты нәтижесі олардың іс жүзінде орындалуына байланысты. Бұл ретте мемлекеттік органдардың жауапкершілігімен қатар, азаматтардың да заң талаптарын сақтауы, өз құқықтары мен міндеттерін білуі және қоғамдық мәселелерге белсенді араласуы маңызды.
Қорыта айтқанда, жаңа Конституция – Қазақстанның саяси, құқықтық және қоғамдық дамуының алдағы бағытын айқындайтын негізгі құжат. Оның тиімділігі қабылданған нормалардың қағаз жүзінде қалмай, қоғам өмірінде нақты жүзеге асуымен бағаланады. Заң үстемдігі орныққан, азаматтардың құқығы қорғалған және мемлекеттік органдардың жауапкершілігі жоғары қоғам қалыптастыру – Ата Заңның басты міндеттерінің бірі. Ал осы мақсатқа жету мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылына байланысты.
«Жетісу-Ақпарат»





