Қазақстанда жанар-жағармай материалдарын шекарадан заңсыз тасымалдау, қосымша бактар орнату, Ішкі істер министрлігінің рейдтік жұмыстары және мұнай өнімдерінің экспортын бақылау бағытында маңызды деректер жарияланды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Елімізде экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, стратегтиялық шикізат пен жанар-жағармай өнімдерінің сыртқы елдерге заңсыз тасымалдануына тосқауыл қою мемлекеттік органдардың күн тәртібіндегі басты міндеттердің бірі саналады. Ішкі істер министрлігінің ресми мәліметтеріне сүйенсек, жыл басынан бері республика аумағында автокөліктерге рұқсат етілмеген қосымша жанармай бактарын заңсыз орнатудың 595 дерегі тіркеліп, қатаң түрде жолы кесілді. Анықталған жасырын сыйымдылықтардың жалпы көлемі шамамен 160 тоннаны немесе дәлірек айтқанда 159,5 тоннаны құраған. Мұндай заңсыз әрекеттер ішкі нарықтағы отын тапшылығының алдын алуға және мемлекеттік шекарадағы тәртіпті қатаң сақтауға бағытталған.
Талдау нәтижелері көрсеткендей, құқық бұзушылықтардың басым бөлігі респубиканың шекара маңындағы өңірлеріне тиесілі болып отыр. Мәселен, ең көп заңбұзушылық Жамбыл облысында тіркеліп, 386 жағдай анықталды. Одан кейінгі орындарға 119 дерекпен Түркістан облысы және 80 жағдаймен Қостанай облысы жайғасқан. Осы бағыттағы бақылауды күшейту мақсатында мемлекеттік шекара арқылы өтетін 48 автомобиль өткізу пунктінің маңында тәулік бойы кезекшілік атқаратын арнайы полиция бекеттері жұмыс істеуде. Тәртіп сақшылары көлік құралдарын жіті тексеріп, заңсыз жабдықталған құрылғыларды анықтауда.
Анықталған құқық бұзушылықтар бойынша барлық кінәлі жүргізушілерге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабы 7-бөлігіне сәйкес тиісті шаралар қабылданды. Заңсыз орнатылған қосымша жабдықтар толығымен бөлшектеліп, көліктер иелеріне қайтарылды, ал жүргізушілерге айыппұл салынды. Естеріңізге сала кетсек, шілде айының басында Премьер-министр Олжас Бектенов жанар-жағармай материалдарын ел аумағынан заңсыз шығаруға қарсы бақылауды айтарлықтай күшейтуді тапсырған болатын.





