Кейде үлкен өзгерістердің мәнін бір ғана ауылдың тыныс-тіршілігінен аңғаруға болады. Мәселен, іргедегі Рудничный ауылында жылдар бойы пайдаланылған ескі мектептің орнына жаңа білім ордасы бой көтерді. Бұған дейін балалар білім алған ғимарат өткен ғасырдың 70-жылдары салынған. Уақыт өте келе тозығы жетіп, күрделі жөндеуді қажет еткен. Ал жаңа мектептің ашылуы оқушыларға заманауи талаптарға сай білім алуға мүмкіндік берді. Аталмыш нысанның құрылысы мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылды. Яғни бір кездері ел игілігінен тыс қалған қаражат бүгінде қоғам қажетіне жұмсалып отыр.
Рудничный ауылындағы мектеп – осы бағыттағы ілкімді істердің бір мысалы ғана. Бүгінде Жетісу облысында ел қазынасына қайтарылған қаржы есебінен білім беру, денсаулық сақтау және коммуналдық инфрақұрылым салаларында бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылып жатыр. Енді солардың бірсыпырасына тоқталсақ.
Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару – елдегі әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруге бағытталған маңызды қадам. Жетісу облысы прокуратурасының мәліметіне сәйкес, өңірде мемлекетке қайтарылған активтер есебінен жалпы құны 41,9 миллиард теңгені құрайтын 29 әлеуметтік жоба қолға алынған. Олардың 21-і денсаулық сақтау саласына, 4-і сумен жабдықтау жүйесіне, тағы 4-і білім беру саласына тиесілі. Бұл көрсеткіштер қайтарылған қаражаттың өңірдегі ең өзекті әлеуметтік қажеттіліктерге бағытталғанын аңғартады. Әсіресе шалғай ауылдардағы медициналық көмектің қолжетімділігі, балаларға сапалы білім беру және тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз ету мәселелері басты назарда.
Рудничный ауылындағы жаңа мектеп – білім беру инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобалардың бірі. Мектеп құрылысына Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорынан 2 миллиард 450 миллион теңге бөлінген. 200 оқушыға арналған білім ошағында физика, химия және биология кабинеттері, мультимедиялық сыныптар, зертханалар, кітапхана, еңбек шеберханалары, спорт залы, 72 орындық асхана және 70 орындық акт залы бар. Мектеп аумағында стадион, жүгіру жолдары мен балалар алаңы да қарастырылған. Сонымен қатар мектеп жанында 30 орындық мектепке дейінгі шағын орталық жұмыс істейді.
Жаңа мектептің ашылуы ата-аналар үшін де қуанышты жаңалық болды. Көпбалалы ана Айнұр Жақияның айтуынша, балалардың алаңсыз білім алып, жарқын болашағына жол ашатын осындай білім ордаларының бой көтеруі көңілге қуаныш ұялатады.
– Отбасымда бес балам бар. Балаларымның бәрі осы Рудничный ауылының мектебінде оқиды. Үлкен қызым «Алтын белгімен» бітіріп, қазір жоғары оқу орнында физика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алып жатыр. Төрт балам биыл жаңа мектепке келді. Бұрынғы ғимарат қыста суық болатын, балалар сабақта сырт киіммен отыратын. Ал жаңа мектеп заманауи талаптарға сай салынған, мұнда білім алуға қажетті барлық жабдық бар. Осы игі іске атсалысқан барша азаматқа алғыс айтамын, – дейді ол.
Бұл бағыттағы тағы бір жоба Кербұлақ ауданының Көксай ауылында қолға алынған. Бұған дейін мұнда 53 бала екі ауысымда білім алған. Спорт және акт залдары болмағандықтан, оқушылар бірқатар қолайсыздыққа тап болған. Тіпті қарапайым асхана мәселесі де өзекті еді. Осы түйткілді шешу үшін 60 орындық жаңа мектептің құрылысына 1,5 миллиард теңге бөлінген. Ал Көксу ауданының Балпық би ауылында 600 орындық жаңа мектеп салу жобасына 5,5 миллиард теңге бағытталған. Жоспар бойынша оның құрылысы 2027 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.
Халықтың тұрмыс сапасын анықтайтын тағы бір маңызды көрсеткіш – медициналық көмектің қолжетімділігі. Әсіресе аудан орталығынан шалғай орналасқан ауылдар үшін дәрігерлік амбулатория мен медициналық пункттің болуы өте маңызды. Өйткені шағын елді мекендердегі тұрғындар үшін дәрігерге қаралу, алғашқы медициналық көмек алу немесе қажетті тексеруден өту кейде үлкен мәселеге айналады. Жаңа медициналық нысандардың ашылуы осы кедергілерді азайтуға мүмкіндік беріп отыр. Енді тұрғындар алғашқы медициналық көмек алу үшін әрдайым аудан орталығына баруға мәжбүр болмайды.
2025 жылғы 24 қазандағы Үкіметтің ресми ақпаратына сәйкес, Жетісу облысында қайтарылған активтер есебінен салынған 8 медициналық нысан пайдалануға берілген. Олардың қатарында фельдшерлік-акушерлік пункттер, медициналық пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар бар. Атап айтқанда, Ескелді ауданындағы Жалғызағаш пен Қайнар, Панфилов ауданындағы Сарытөбе, Ақсу ауданындағы Жаңалық, Көксу ауданындағы Қаратал, Қаратал ауданындағы Оян, Алакөл ауданындағы Жайпақ және Қайнар ауылдарында медициналық нысандар іске қосылды. Бұл жобаларға Арнаулы мемлекеттік қордан 1,7 миллиард теңге бөлінген. Нәтижесінде шалғай елді мекендердің 4 мыңнан астам тұрғыны медициналық қызметке қол жеткізуге мүмкіндік алған.
Қайтарылған қаражат есебінен қолға алынған жобалардың тағы бір бағыты – сумен жабдықтау жүйесін дамыту. Ауызсу мәселесі ауыл тұрғындары үшін әрдайым өзекті. «Qazaqstan» телеарнасының 2026 жылғы 7 тамыздағы мәліметіне сәйкес, Жетісу облысында 4 ауылға су құбыры тартылып, тұрғындар сапалы ауызсумен қамтылған. Бұл – қаражаттың нақты нәтижеге айналғанын көрсететін тағы бір мысал. Ауызсу жүйесінің іске қосылуы ауыл тұрғындарының күнделікті тіршілігін жеңілдетіп қана қоймай, халық денсаулығын қорғауға да ықпал етеді.
Жетісу облысындағы мемлекет меншігіне өткен активтер есебінен жүзеге асырылып жатқан жобаларға назар аударсақ, олардың барлығы тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелерді шешуге бағытталғанын көреміз. Балаларға салынған жаңа мектептер, елді мекендердегі медициналық көмектің қолжетімді болуы, ауыл тұрғындарының сапалы ауызсуға қол жеткізуі – Жетісу жеріндегі қоғам игілігіне бағытталған ілкімді істердің бір парасы ғана. Олардың барлығын біріктіретін ортақ мақсат бар. Ол – мемлекетке қайтарылған қаражатты ел дамуына, халықтың әл-ауқатын жақсартуға жұмсау.
Кезінде заңсыз иемденілген, кейін мемлекет меншігіне қайтарылған активтердің осындай маңызды жобаларға жұмсалып жатқаны қуантады. Сайып келгенде, бұл – тарихи әділеттілікті қалпына келтіру тұрғысынан да құптарлық бастама. Себебі ел игілігіне жарауы тиіс қаражат әуел бастан-ақ осындай іргелі істерге жұмсалуы керек еді. Алайда қара басының қамын күйттеп, ел қазынасынан енші алуды көздегендердің әрекеті салдарынан «жемқорлық» атты дерттің дендеп кеткенін көріп отырмыз. Десе де, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналып, осы жолда нақты жұмыстардың қолға алынуы көңілге медет ұялатады. Әрине, атқарылып жатқан бұл істер өткеннің олқылықтарын толық толтыра алмас, дегенмен қоғам қажетіне жарап, халық игілігіне қызмет ететініне күдіктен гөрі үміт басым. Өйткені айналып келгенде, мұның бәрінің түп-төркінінде халықтың ақысы мен мемлекеттің мүддесі жатыр. Ал халықтың мүддесі қашанда бәрінен биік тұруға тиіс.
Темірлан Айтбаев,
журналист






