Талдықорған: +8°C
$ 448.72
€ 493.86
₽ 5.49
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
Advertisement
29 қараша — Мәслихаттар депутаттарының сайлауы
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • ӘЛЕУМЕТ
  • ЭКОНОМИКА
  • САЯСАТ
  • РУХАНИЯТ
  • КҮЛТӨБЕ
  • БАСҚА
    • АЛТЫН ТҰҒЫР
    • АНАЛИТИКА
    • АРДЫҢ ІСІ
    • МӘСЛИХАТТАР САЙЛАУЫ
    • АРНАЙЫ ЖОБА
    • ДЕНСАУЛЫҚ
    • КҮНДЕРЕК
    • МІНБЕР
    • ПРЕСС-РЕЛИЗДЕР
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • ӘЛЕУМЕТ
  • ЭКОНОМИКА
  • САЯСАТ
  • РУХАНИЯТ
  • КҮЛТӨБЕ
  • БАСҚА
    • АЛТЫН ТҰҒЫР
    • АНАЛИТИКА
    • АРДЫҢ ІСІ
    • МӘСЛИХАТТАР САЙЛАУЫ
    • АРНАЙЫ ЖОБА
    • ДЕНСАУЛЫҚ
    • КҮНДЕРЕК
    • МІНБЕР
    • ПРЕСС-РЕЛИЗДЕР
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР КҮНДЕРЕК

Талдықорғанда құрылыс қарқынды

19 қараша 2026
КҮНДЕРЕК
Талдықорғанда құрылыс қарқынды

Дмитрий Ерофеев

WhatsAppTelegramFacebook

Талдықорғанда әлеуметтік маңызы бар және мәдени нысандардың құрылыс жұмыстары жоғары деңгейде атқарылуда. Облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ қаладағы көркемсурет галереясының ғимараты негізінде жасақталған креативті орталықтың құрылысымен, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан балалар ауруханасымен, Назарбаев көшесінің бойындағы көпқабатты үйлердің қасбеттерін жаңарту құрылыстарымен, Ардагерлер саябағындағы жұмыстармен танысты.

Жұмыс сапары барысында Талдықорғанның орталық бөлігін жаңғырту мәселесіне ерекше назар аударды.

– Бірнеше жылдан бері Талдықорған қаласының жолдарын, кәріз жүйесін, жылу желілерін жөндеп, қаланың сыртқы келбетін жақсарту бағытында бірқатар жұмыс атқардық. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» және «Жасыл Қазақстан» ұлттық бағдарламалары аясында қазір саябақтар мен скверлерге суару жүйелерін орнатып, оларды абаттандырудамыз. Жоспар бойынша жүйелі жұмыс жүргізіледі, – деді Бейбіт Исабаев.

Жұмыс сапарының алғашқы нысаны – Талдықорған қаласындағы бұрынғы көркемсурет галереясының ғимараты. 1957 жылы салынған тарихи ғимарат түрлі шығармашылық бағыт өкілдерінің басын қосып, өзара пікір алмасуына және ынтымақтастығына жол ашатын кеңістікке айналады.

– Бүгінде креативті орталықтың сыртқы келбетін жаңарту жұмыстары 100 пайыз аяқталды. Ішкі әрлеуі де толық орындалды. Қазір тазалық шаралары жүргізілуде. Сыртқы аумақты абаттандыру үшін көгал төсеуге қажетті материалдар жеткізілді. Барлығы ойдағыдай болса, осы аптаның соңында нысанды толық пайдалануға беруге дайынбыз, – дейді қала әкімінің орынбасары Рүстем Бершінбеков.

Жаңартылған ғимаратта халық қолөнершілеріне, қолданбалы өнер шеберлеріне, стартап жобаларды әзірлеушілерге және жас кәсіпкерлерге арналған тегін алаң құру жоспарланған. Мұнда олар өз туындыларын таныстырып, тәжірибе алмасып, пікірлес адамдарды тауып, жеке жобаларын дамыта алады.

Бейбіт Исабаев жақын арада толық дайындықпен жұмысын бастайтын бұл креативті хаб қала өміріне тың серпін беріп, аймақтағы шығармашылық әлеуетті дамытуға жаңа жол ашатынын айтты.

– «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп, қалада мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр. Оны келесі жылдың мамыр айында аяқтау жоспарланған. Оған іргелес, аумағы 3,6 гектар жер телімінде жаңа өлкетану музейін салу көзделген. Құрамында балалар музейі мен негізгі музей кешеніне арналған жеке кеңістіктер болады. М. Тынышпаев атындағы бұрынғы өлкетану музейінің ғимараты да назардан тыс қалмайды. Күрделі жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін оны Халық шығармашылығы орталығына беру жоспарланып отыр. Дәнеш Рақышев атындағы облыстық филармония ғимаратында да жөндеу жұмыстары жалғасуда. Келесі жылы филармонияның қасбетін травертинмен қаптау көзделген. Бізде Бикен Римова атындағы театр, Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайы, Д. Рақышев атындағы филармония бар. Енді жаңа музей мен Халық шығармашылығы орталығы ашылып, креативті хаб салынуда. Оның қасбеті қандай әдемі екенін өздеріңіз де көрдіңіздер. Емхана да салынды, оның қаншалықты көрікті болғанына назар аударыңыздар. Келесі жылы бәрі сәтімен болса, 9-шағын ауданда «BINOM» мектебін салуды да жоспарлап отырмыз, – деді облыс әкімі.

Талдықорғанда 1250-ден астам заманауи бейнебақылау камерасын орнату жоспарланған. Олар ахуалдық орталықпен біріктіріліп, деректерді жедел жеткізуге және қалада болып жатқан оқиғаларға тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді.

Соңғы 2 жылда қалада 60-қа жуық аула абаттандырылып, 40-тан астам көпқабатты тұрғын үйдің шатыры жөнделіп, балалар ойын алаңдары салынды.

Биыл Назарбаев көшесінің бойындағы 33 тұрғын үйді жаңарту жоспарланып отыр. Бес қабатты ірі панельді үйлердің сыртқы қаптамасы жаңадан қапталса, 10-12 қабатты ғимараттардың қасбеттері тазартылып, ылғалға төзімді арнайы бояумен сырланады. Сонымен қатар 13 үйдің шатыры жөнделіп, бірнеше ауланың аумағы ретке келтіріледі.

– Назарбаев көшесін аралап көргеннен кейін тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңарту туралы шешім қабылдадық. Қажет жерлерде қаптамасын ауыстырып, шатырларын жөндейміз. Биік ғимараттардың сыртын тазалап, суық пен ылғалға төзімді сапалы бояумен сырлаймыз. Сонымен қатар аулалар мен жол инфрақұрылымын да ретке келтіреміз, – дейді облыс әкімі.

Аймақ басшысы саяжай алқаптарының тұрғындарын толғандыратын мәселелерге де жеке тоқталды. Талдықорған халқымен өткен кездесулерде тұрғындар газдандыру, электрмен жабдықтау, жолдардың жағдайы және жол белгілерінің жоқтығы мәселелерін бірнеше рет көтерген болатын. Бейбіт Исабаевтың айтуынша, келесі жылдың көктемінде басталатын жоспар бойынша «Қызыл тас», «Мерекелік», «Алмалы» секілді 6 саяжай алқабы кешенді түрде абаттандырылады.

Келесі тексерілген нысан – көпбейінді балалар ауруханасы. Балалар денсаулығын сақтау жүйесін жаңғырту мәселесі облыс басшылығының ерекше бақылауында. Бейбіт Исабаев нысан аумағын аралап, палаталар мен операциялық залдардың әрлеу сапасын жеке тексерді. Мұнда сейсмикалық күшейту және қалпына келтіру жұмыстарын қамтитын күрделі жөндеу жалғасуда. Медициналық мекемені жаңғырту емдеу корпустары мен оған іргелес инфрақұрылымды жаңартып, балаларға көрсетілетін мамандандырылған медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қазан айының басында басталған. Аурухана кешені шамамен 2,8 гектар аумақты алып жатыр. Үш қабатты негізгі корпустың ауданы 5,5 мың шаршы метрге жуық, ал құрылыс көлемі 29 мың текше метрден асады. Емдеу корпусының ауданы 4,8 мың шаршы метрден астам. Жоба аясында бір қабатты қосалқы ғимараттар – асхана, кір жуатын орын, бактериологиялық зертхана және бақылау-өткізу пункті де жаңартылады. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін медициналық мекеме 104 төсек-орынға шақталады. Сонымен бірге ғимараттарды жаңартумен қатар емдеу үдерісін ұйымдастыру тәртібі қайта қаралып, науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің жаңа тәсілдері енгізіледі.

– Күрделі жөндеу аяқталғаннан кейін бұл блокта соматикалық бөлімшелер орналасады. Бірінші қабатта балалар неврологиясы бөлімшесі ашылады. Сондай-ақ мұнда госпитальдық фармация бөлімшесі жұмыс істейді. Бұл бөлімшеде әр пациентке қажетті дәрі-дәрмек жиынтығы жеке дайындалып, беріледі. Мұндай жүйе көптеген ауруханада енгізілген және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алуға жұмсалатын қаржылық шығынды екі есеге жуық азайтуға мүмкіндік береді. Екінші қабатта соматикалық бөлімше, ал үшінші қабатта балаларға арналған пульмонология бөлімшесі орналасады. Бұдан бөлек, корпуста қабылдау бөлімі мен диагностикалық блок қарастырылған, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асқар Садықов.

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Талдықорған қаласындағы қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жалғасуда. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев жұмыс сапары барысында Ардагерлер саябағына арнайы барып, аумақты абаттандыру барысымен және автоматты суару жүйесінің жай-күйімен танысты.

Биыл шаһардағы 3 саябақтың аумағына автоматты суару жүйесі орнатылды. Соның бірі – Ардагерлер саябағы. Нысандағы жұмыстарды «Темірқазық-стройпроект» ЖШС мердігер ұйымы атқарған. Жобаның жалпы құны 191,8 мың теңгені құрайды. Саябақтың жалпы аумағы – 13,1 гектар, оның 2,6 гектары көгалдандырылған. Ал орнатылған суару желілерінің жалпы ұзындығы 6,8 шақырымға жетеді. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталған. Енді атқарушылық-техникалық құжаттаманы рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев саябақты аралау барысында автоматты суару жүйесінің маңыздылығына тоқталып, жасыл желекті күтіп-баптау жұмыстарының сапасына назар аударды. Сондай-ақ қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру кезінде әрбір жұмыстың сапалы орындалуы керектігін айтып, анықталған кемшіліктерді уақытылы жоюды тапсырды.

– Автоматты суару жүйесін орнату жұмыстары толық аяқталды. Жоба аясында бір су резервуары мен жеке ұңғыма қарастырылып, суару жүйесі 17 танапқа бөлінді. Биылғы көгалдандыру жоспарына сәйкес қала аумағында егілетін 13 мың ағаштың 12 400-і отырғызылды. Қалған көшеттерді егу жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады. Ал Ардагерлер саябағына 200-ге жуық қылқан жапырақты қарағай мен шырша көшеттері отырғызылды, – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Алмас Барлыбеков.

Жұмыс сапарын қорытындылаған облыс әкімі қаладағы қордаланған мәселелердің кезең-кезеңімен шешіліп, инфрақұрылымдық жобалардың жүйелі түрде жүзеге асырылатынын атап өтті. Ең бастысы қолға алынған әрбір істің сапалы орындалып, оның игілігін халық көруі. Өйткені қаланы жаңғыртудағы басты мақсат – тұрғындарға қолайлы жағдай жасап, өмір сүру сапасын арттыру. Сондықтан әр жобаны жүзеге асыруда сапа мен жауапкершілік басты назарда болуы тиіс.

Еңлік КЕНЕБАЙ

Қатысты жаңалықтар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ІІІ Стратегиялық серіктестер форумында сөйлеген сөзі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ІІІ Стратегиялық серіктестер форумында сөйлеген сөзі

20 қараша 2026
Ағаштарға цифрлық паспорт беру бастамасы іске қосылды

Ағаштарға цифрлық паспорт беру бастамасы іске қосылды

20 қараша 2026
Елімізде кәсіподақтар мен Халық Кеңесі бірлескен диалог орнатты

Елімізде кәсіподақтар мен Халық Кеңесі бірлескен диалог орнатты

20 қараша 2026
Жасыл ел – жас ұрпақтың жарқын еңбегі

Жасыл ел – жас ұрпақтың жарқын еңбегі

19 қараша 2026
Ескелді аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Тұрған Расиқа Сапарқызы

Ескелді аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Тұрған Расиқа Сапарқызы

19 қараша 2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Веб-сайт редакторы: Асыл Сұлтанғазы

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • ӘЛЕУМЕТ
  • ЭКОНОМИКА
  • САЯСАТ
  • РУХАНИЯТ
  • КҮЛТӨБЕ
  • БАСҚА
    • АЛТЫН ТҰҒЫР
    • АНАЛИТИКА
    • АРДЫҢ ІСІ
    • МӘСЛИХАТТАР САЙЛАУЫ
    • АРНАЙЫ ЖОБА
    • ДЕНСАУЛЫҚ
    • КҮНДЕРЕК
    • МІНБЕР
    • ПРЕСС-РЕЛИЗДЕР

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.