Қоғамның беріктігі – отбасының татулығынан, ұрпақтың тәрбиесі – ананың өнегесінен басталады. Сондықтан отбасы институтын нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жас буынның бойына ізгі қасиеттерді сіңіру ісінде аналардың орны айрықша. Бұл бағытта Жетісу облысындағы аналар кеңестері жүйелі жұмыс жүргізіп, қоғамдық келісім мен ұрпақтар сабақтастығын сақтауға өзіндік үлес қосып келеді. Осы ретте жыл бойғы атқарылған жұмыстар мен алдағы кезеңнің басым бағыттары Талдықорғандағы Достық үйінде өткен жиында кеңінен талқыланды.
Бүгінде аймақтағы 111 аналар кеңесінің құрамында 471 белсенді әйел бар. Олар облыстың барлық қалалары мен аудандарында қоғамдық бастамаларды жүзеге асырып, отбасы тәрбиесінен бастап жастардың құқықтық сауаттылығына дейінгі өзекті мәселелерді назарда ұстап отыр.
Жиынды облыстық аналар кеңесінің төрайымы Несіпжамал Баймадиева жүргізіп, бірлестіктің басты міндеті – әрбір ауыл мен қаладағы әйелдердің үнін естіп, олардың қоғамдық мәселелерді шешуге белсенді араласуына мүмкіндік жасау екенін атап өтті. Оның айтуынша, отбасының берекесін сақтауды азаматтық жауапкершілікпен ұштастырған аналар ел ішіндегі татулық пен тұрақтылықты нығайтуға атсалысып келеді.
Бұл ойды «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Айдос Игенбай да сабақтай түсті. Халық даналығындағы тәрбиенің тал бесіктен басталатынына тоқталған ол ұлттың адамгершілік келбеті, қоғамдық келісім және мемлекеттің болашағы ана өнегесімен тікелей байланысты екенін жеткізді. Шын мәнінде бала тәрбиесі тек отбасының ғана емес, тұтас қоғамның жауапкершілігі екені айқын.
Өткен жылы облыстық және аудандық аналар кеңесі 100 кездесу мен түрлі акция ұйымдастырып, 6 500 тұрғынды қамтыған. Жұмыстар 5 негізгі жоба аясында жүзеге асқан. Атап айтқанда, «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт», «Салауатты сана», «Адал азамат», «Айналайын» және «Ана әлдиі» бастамалары кеңес қызметінің негізгі бағыттарына айналды.
Өңірлік жобаларды жүзеге асыруға мемлекет тарапынан 11 миллион 300 мың теңге бөлінген. Қаржының қолдауымен ұлттық тәрбие мен мәдениетті насихаттауға, отбасы құндылықтарын дәріптеуге, жастардың құқықтық сауатын арттыруға бағытталған түрлі шаралар ұйымдастырылған.
Мәселен, «Әйел – сұлулық символы» атты этномәдени кеште әйел затының қоғамдағы орны мен ұлттық болмыстағы беделі дәріптелсе, «Заң және тәртіп» жастар хакатоны өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыруды көздеді. Ал Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап «Жүрек жылуы» қайырымдылық мерекесі өткізілді.
Отбасы құндылығын ұлықтау да назардан тыс қалған жоқ. Облыстық деңгейде ұйымдастырылған салтанатты рәсімде «Азамат тәрбиелеген отбасы», «Күміс кереге» және «Алтын шаңырақ» номинациялары бойынша өңірдегі өнегелі отбасылар марапатталды. Мұндай бастамалардың түпкі мақсаты – отбасындағы сыйластық пен жауапкершілікті насихаттап, қоғамға үлгі боларлық шаңырақтардың өнегесін көпшілікке таныту.
Жиында аудандардағы жұмыс тәжірибесі де кеңінен сөз болды. Кербұлақ аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ғалия Ақбасова, Панфилов ауданынан Сәуле Сламжанова, Ақсу ауданынан Бақыт Құрманғалиева және Көксу ауданынан Мадина Абдраманова жергілікті жерлерде жүзеге асырылып жатқан жұмыстар мен нәтижелерді ортаға салды.
Ал блогер, «Бақ» кітабының авторы Әсел Ошан «Альфа ұрпағын қалай тәрбиелеу керек?» деген тақырыпта баяндама жасап, бүгінгі балалардың таным-түсінігі мен тәрбиесіне қатысты заманауи көзқарастарымен бөлісті. Бұл мәселенің жиында көтерілуі де тегін емес. Өйткені технологиялық өзгерістер мен ақпарат ағыны күшейген заманда бала тәрбиесінің әдіс-тәсілдерін заман талабына сай жетілдіру қажеттігі артып келеді. Сонымен қатар облыстық аналар кеңесі төрайымының орынбасары Күлғайша Жармұхамедова бірқатар ұсынысын білдірсе, Халық кеңесі жұмысының үйлестіру бөлімінің басшысы Құрметбек Сансызбай 2027 жылға арналған іс-шаралар жоспарын таныстырды. Басқосу пікір алмасу мен ұсыныстарды талқылауға ұласып, белсенді қоғамдық жұмыс атқарып жүрген бірқатар қатысушыны марапаттау рәсімімен қорытындыланды.
Жетісулық аналардың еңбегі республикалық деңгейде де еленіп отыр. Республикалық аналар кеңесінің шешімімен өңірдің екі тұрғынына «Ел Анасы» құрметті атағы берілді. Олардың қатарында Алакөл аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ұлжалғас Дүйсебаева бар. Ал 2026 жылдың қорытындысы бойынша облыстағы үздік ұжым Кербұлақ аудандық аналар кеңесі деп танылды.
Жиынның ресми бөлімінен кейін аналар кеңесінің төрайымдары «Айналайын» жобасы аясында Жетісу облысының білім басқармасына қарасты кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына барды. Дүниежүзілік балаларды қорғау күні қарсаңында ұйымдастырылған кездесудің мақсаты – орталық тәрбиеленушілеріне қолдау көрсетіп, олардың көңіліне жылылық ұялату болды.
Медет ЖҰМАБАЙ






