Талдықорған: +16°C
$ 455.00
€ 498.77
₽ 5.56
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
Advertisement
29 қараша — Мәслихаттар депутаттарының сайлауы
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • ӘЛЕУМЕТ
  • ЭКОНОМИКА
  • САЯСАТ
  • РУХАНИЯТ
  • КҮЛТӨБЕ
  • БАСҚА
    • АЛТЫН ТҰҒЫР
    • АНАЛИТИКА
    • АРДЫҢ ІСІ
    • МӘСЛИХАТТАР САЙЛАУЫ
    • АРНАЙЫ ЖОБА
    • ДЕНСАУЛЫҚ
    • КҮНДЕРЕК
    • МІНБЕР
    • ПРЕСС-РЕЛИЗДЕР
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • ӘЛЕУМЕТ
  • ЭКОНОМИКА
  • САЯСАТ
  • РУХАНИЯТ
  • КҮЛТӨБЕ
  • БАСҚА
    • АЛТЫН ТҰҒЫР
    • АНАЛИТИКА
    • АРДЫҢ ІСІ
    • МӘСЛИХАТТАР САЙЛАУЫ
    • АРНАЙЫ ЖОБА
    • ДЕНСАУЛЫҚ
    • КҮНДЕРЕК
    • МІНБЕР
    • ПРЕСС-РЕЛИЗДЕР
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР

Qajet taxi – үлкен жоспардың алғашқы қадамы

Бүгін, 14:30
ЖАҢАЛЫҚТАР
Qajet taxi – үлкен жоспардың алғашқы қадамы
WhatsAppTelegramFacebook

Соңғы бірер ай көлемінде қазақстандық медианың басты тақырыбы Qajet taxi қосымшасы болды. Қоғамның сұранысынан туған АІ жаңалықтың жай-жапсарын білу үшін жоба жетекшісінің бірі, Қапал ауылының тумасы – Думан Бақыткелдіұлымен тілдестік.

– Думан Бақыткелдіұлы, Qajet taxi қолданысқа шыққанда Жетісу жұртшылығы қуанды. Әуелгі сұрақ, ауыл баласының әдебиетте жүріп, сандық әлемге ойысуына не түрткі?

– Әдебиетке қызығушылық мектеп қабырғасында басталды. М. Әуезов, М. Мақатаев, Қ. Ысқақ, О. Бөкей шығармаларын іздеп жүріп оқитынмын. Кейін қой бағып жүріп «Қазақ АІ» жобасы мен «Қазақ әдебиеті» порталының аудиокітаптарын тыңдай бастадым. Уақыт өте келе Стив Джобс, Джек Ма, Джефф Безос секілді әлемдік деңгейдегі компаниялар мен брендтердің негізін қалаған тұлғалардың өмір жолына қызықтым. Олардың өмірбаянын, кәсіпкерлік тәжірибесін, жетістікке жету жолдарымен таныстым. Пекиндегі университетте оқып жүрген әпкем Қазақстанға келген кезеңде «Amazon» компаниясының «Kindle» электронды кітабын сыйға тартты. Электронды кітап арқылы көркем әдебиетпен қатар нон-фикшн жанрындағы шығармаларды да оқуға ден қойдым. Әдебиетке деген бұрыннан қалыптасқан қызығушылығым мен әлемдік цифрлық брендтердің даму тәжірибесін зерттеуім бір арнаға тоғысты. Осылайша әдеби саладан цифрлық бренд жасасақ деген бір ұшқын пайда болды.

– Қазір Қазақстанда Yandex такси, inDrive сынды алпауыттар жолаушы тасымалын қамтамасыз етіп отыр. Уақытында нарықтан қытайлық DiDi таксиді ығыстырып шығарып еді. Кейін Uber-ді таппай қалдық. Осындай азуын айға білегендерге біздің Qajet taxi төтеп бере ала ма?

– Qajet taxi нарыққа шыққанда Uber, DiDi, Yandex секілді ірі компаниялардың тәжірибесін, олардың өзара бәсекелестігін және нарықтағы орнын зерделедік. Мәселен, ірі компаниялардың бір-бірімен байланысы цифрлық бизнестің артында тек бәсекелестік емес, үлкен инвестициялық мүдделер жатқанын көрсетеді. Осы ретте жапониялық белгілі инвестор, SoftBank компаниясының негізін қалаушы Масайоси Сонның есімін атап өтуге болады. Ол Uber-ге де, Қытайдағы DiDi-ге де, Yandex-ке де инвестиция салған тұлға. Яғни сырт көзге бір-біріне бәсекелес болып көрінетін компаниялардың артында ортақ инвесторлар тұруы мүмкін.

Тағы бір жайт, Yandex Google-дың Android платформасында өз браузерін орнатуға қатысты монополияға қарсы шағым түсіріп, нарыққа кіру мүмкіндігін қорғаған еді. Ал қазір Қазақстан нарығында өздері басымдыққа ие болған соң дәл осындай бәсекелестік қағидаттарын сақтау мәселесі туындайды. Байқауымызша, нарықтың басым бөлігін иеленген ірі ойыншыларға отандық компаниялардың бәсекеге қабілетті болуы оңай емес. Мақсатымыз – нарыққа балама ұсынып, қазақстандық өнімнің де өзгелермен бәсекелесе алатынын көрсету. Мұндағы артықшылық – ұлттық нарықтың ерекшелігін түсіну және отандық өнімге деген халықтың сенімін қалыптастыру. Бір қызығы, көптің такси қызметін таңдауда компанияның технологиялық мүмкіндіктерімен қатар оның қай елдің өнімі екеніне мән беруі. Uber – америкалық, DiDi – қытайлық, Yandex – ресейлік. Ал біздікі – қазақстандық өнім. Халықтың қолдауы мен отандық бастамаға деген сенім бізге үлкен серпін. Көпшілік бизнес бастау үшін алдымен үлкен капитал қажет деп ойлайды. Алайда біздің тәжірибеміз көрсеткендей, мәселе тек ақшада емес, одан да қымбат құндылық бар. Олар – адалдық, сенім, табандылық және өз ісіңе деген шынайы сүйіспеншілік. Жобамыз небәрі бір ай ішінде жарты миллион қолданушы жинап, 60 мың жүргізушіні жұмысқа тартты. Өзге платформалар 320 мың жүргізуші болса, біздің үлесіміз шамамен 10-15 пайыз. Бұл – қазақстандық өнімге деген сенімнің көрінісі. Мына жайды ескеруіміз керек, Yandex әлемдік геосаясидің салдарынан басқа нарықты жаулауды емес, ондағы орнын сақтауға тырысуда. Ал бұл да бізге мүмкіндік.

– Кейде әлдекімнің «Қазақстанда жасалған» дегенге менсінбеушілік танытатынын байқаймыз. Qajet taxi-дің жұрт білмейтін қандай артықшылығы бар?

– Біздің бәсекелесіміз Yandex те, InDrive та, басқалар емес, «Қазақтың қолынан ештеңе келмейді» деген қоғамға сіңіп қалған стереотип. Осы түсінікті өзгертіп, оның қате екенін дәлелдегіміз келеді. Аллаға шүкір, бір айдың ішінде көп нәтижеге қол жеткіздік. Оны жай ғана жаңа қосымшаның пайда болуы деп қабылдамаймыз. Бұл – технологиялық тәуелсіздікке ұмтылыстың, отандық өнімнің әлеуетін көрсетуге деген талпыныстың бір көрінісі. Жобамызға ақсақалдарымыз да назар аударып, батасын беріп жатыр.

Біздің салада мол тәжірибесі бар ірі компаниялармен бір айдың ішінде бәсекеге түсіп, нарықтағы өз позициясын қайта қарауға мәжбүрлейтін деңгейге жету – оңай шаруа емес. Әрине, қосымшаның қазіргі нұсқасында кемшіліктер мен функционалдық олқылықтар бар. Бірақ бұл – өнімнің алғашқы нұсқасы ғана. Әзірге барлық мүмкіндікті толық іске қосқан жоқпыз. Жаңа функцияларды енгізу үшін App Store мен Play Market платформаларына да тәуелдіміз. Төлем жүйесі мен басқа да қажетті тетіктер толық қосылғаннан кейін қосымшаның мүмкіндіктері кеңейе түседі.

Жұрт көкейінде «Қазақ болу да қымбатқа түсетін болды» деген пікір бар. Өкінішке қарай, қазақтың оюы салынған, ұлттық нақыштағы көптеген тауардың сапасы төмен болғанымен бағасы жоғары екені рас. Дегенмен «Қазақстандық өнім» деген ұғымның беделін түсірмеуіміз керек. Керісінше, осы атауларды мақтанышпен айтуға лайық өнім ұсынуға міндеттіміз.

– Жақында ҚР Жасанды интелект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің қабылдауында болдыңыз. Қосымшаға ел билігінің қандай көмегі бар?

– Кездесуде көптеген мәселені талқыладық. Министр жауапты салалардың өкілдеріне бірқатар тапсырма берді. Біз мұндай қолдауды күтпеген едік. Алдағы уақытта өзіміздің дата-орталығымызды құру немесе отандық дата-орталықтардың мүмкіндігін пайдалану мәселесін қарастырып отырмыз. Мемлекет осы бағытта да тиісті мүмкіндіктер ұсынса, жобамыздың технологиялық инфрақұрылымын дамытуға жол ашылар еді. Бізде үлкен қаржылық ресурс жоқ. Қазір қызметтік көліктерді де өзіміз сатып алып, жұмысқа қосып жатырмыз. Сондықтан отандық жобаларды дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар, субсидиялар арқылы қолдау тетіктері іске қосылса.

Тағы бір мақсатымыз – тек компаниямыздың мүддесін қорғау емес, осы салада еңбек етіп жүрген жүргізушілердің де жағдайына болысу. Такси жүргізушілерінің күнделікті жұмысында кездесетін құқықтық және ұйымдастырушылық мәселелерді шешуде билік тарапы жәрдемдессе. Күтеріміз – жеңілдік немесе ерекше артықшылық емес, қазақстандық бастамаларды дамытуға, өз мүмкіндігімізді көрсетуге және әділ бәсекеге түсуге жағдай жасайтын қолдау.

– Әлеуметтік желіде «Qajet taxi бәрібір шетелдік қосымшаның көмегіне жүгінеді» дегенді де оқыдық. Бақсақ, олардың айтпағы 2GIS картасы екен. Бұл да ресейлік. Жақында «Qajet taxi бұл картадан бас тартты» деген жаңалықты көз шалды. Жаңадан тағы бір қосымша жасап жатырсыздар ма? 2GIS-тің орнын не баспақ?

– Жобамызды қолға алғанда 2GIS компаниясы өкілдері байланысқа шығып, серіктес болуды ұсынды. Дайын әрі жұмыс істеп тұрған картографиялық жүйе бар кезде оны пайдалану қажет. Дегенмен біз үшін бір мәселе маңызды болды. Егер қазақстандық жоба ретінде өзге елдің картасына толық тәуелді болып қалсақ, технологиялық тәуелсіздік туралы айтқан мақсатымызға қаншалықты сай боламыз? Екінші жағынан, отандық өнімді асығыс ұсынып, сапасыз қызмет көрсетсек, «Қазақстанда жасалған өнімнің сапасы осындай» деген теріс түсінік қалыптастыруымыз мүмкін. ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің тапсырмасына сай, «Қазгеодезия» орталығымен бірлесіп, бұрын-соңды болмаған деңгейдегі отандық картографиялық жобаны жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз. Нарықта дайын 2GIS пен Yandex карталары бар еді. Отандық картографиялық өнімді дамытуға такси агрегаторлары тарапынан нақты сұраныс болмағандықтан, бұл бағыттағы жұмыстар да тиісті деңгейде өрістемеді. Біз нарыққа шыққаннан кейін отандық картаға деген сұранысты қалыптастыра бастадық. Қазір команда «Қоныс» атты жобаны әзірлеумен айналысуда. Ниетіміз – осы жобаны Qajet taxi платформасымен ұштастырып, отандық картографиялық жүйенің негізін қалау.

– Тәуелсіздік ұғымының аясы кең ғой. Қазақстан өзі тәуелсіз болғанмен, нарығы көп салада шетелге тәуелді. Оның ішінде сандық әлем де бар. Белгілі математик Асқар Жұмаділдаев «Қазақтың кемшілігі «компьютер басты» адамға айналмауы» деп еді. Жалпы, цифрлық әлемде өз орнымызды қашан айшықтаймыз?

– Серікжан Тоқай есімді ірі инвесторымыз бар. Ол кісінің бастамасымен қазақ тілін цифрландыру, қазақ сөздерін электронды ортаға бейімдеу, пернетақта мен жазу тілінің мүмкіндіктерін кеңейту турасында Асқар Жұмаділдаев ағамызбен кездескен едік. Сол кездесуде ағамыз батасын беріп, шетелдік цифрлық платформаларды қазақ тіліне бейімдеу, отандық өнімдерді дамыту жөнінде «тапсырма» берген еді. Qajet taxi-ді жүзеге асырып, «тапсырмаңызды орындадық» деп барғанда ақылын айтты. «Қазіргі әдебиет пен технологияны бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Компьютердің алдында отырып, тек пернетақтамен жұмыс істейтін маман болып қалу да жеткіліксіз. Бүгінде математика мен технология саласында жаңалық ашып жүргендердің қатарында әдебиеттен, гуманитарлық ғылымдардан шыққан, өзгеше ойлай алатын адамдар бар. Өйткені технологияны дамытатын тек техникалық білім емес, адамның ойлау қабілеті, дүниетанымы мен шығармашылық көзқарасы», – деген еді.
«Жасанды интеллект адамды жеңе ме, әлде оны меңгерген жеңе ме?» деген сұраққа келгенде, ұстанымымыз – жасанды интеллектіні тиімді пайдалануды үйренген адам алға шығады. Яғни, мәселе технологияның өзінде емес, оны кімнің және қалай қолданатынында. Қазір біз жасанды интеллектінің көмегімен шағын командалар мен тіпті бір адамның өзі үлкен компаниялардың жұмысын атқара алатын кезеңге қадам басып жатырмыз. Серіктесім Нұрғанат Қайрат 2019 жылдан бері Qajet taxi-дің негізін қалап, бірге жұмыс істеп келеді. Екеуміз де қоғамдық ортада, медиа саласында жүргендіктен, халықтың сұранысын, күнделікті өмірде кездесетін мәселелерді жақсы білеміз. Біз IT командамызға: «Қазақ халқына осындай қызмет қажет», «Мына мәселені цифрлық жолмен шешсек» деген ұсыныстарымызды жеткіземіз. Ал команда сол идеяларды техникалық тұрғыдан жүзеге асырады. Технология дәуірінде гуманитарлық бағытта білім алған адамдардың мүмкіндігі шектелмейді. Керісінше, олардың тілдік қоры, шығармашылық ойлауы, қоғамды түсінуі мен аудитория сұранысын сезінуі технологиялық жобаларды дамытуға үлкен үлес қоса алады. Біздің жобаның қалыптасу жолы да осының бір мысалы.

– Qajet taxi-ді көпшілікке таныстырып жатқандар көп. Блогер, журналист біткен қосымша туралы сүйіншілеп жатыр. Әрдайым жұрт айтқандай болсын. Істің өнбегі жоспарынан деген. Такси қосымшасының болашағы қандай? Алдағы жоспарыңыз…

– Біз әуелде Qajet суперқосымшасын әзірлеген едік. Оны жасауға шамамен бір жарым жыл уақыт жұмсадық. Оның ішінде әлеуметтік желі, онлайн курстар, білім беру материалдары, аудиокітаптар және басқа да қызметтер біріктірілді. Біздің түпкі мақсатымыз – бір ғана такси қызметін дамыту емес, үлкен экожүйе қалыптастыру. Qajet taxi – сол экожүйенің бір бөлігі ғана. Сонымен Qajet Market жобасын іске қосуды көздеп отырмыз. Қазір оның командасы жасақталып, негізгі жұмыстары жүргізіліп жатыр. Платформа әзірге көпшілікке кеңінен таныстырылған жоқ, бірақ кейбір қызметтері жұмыс істеп тұр. Біздің түпкі мақсатымыз – Қытайдағы WeChat секілді көптеген қызметті бір ортаға біріктіретін суперқосымша қалыптастыру. Яғни төлем жүйесі, такси, жеткізу қызметі, маркетплейс, әлеуметтік желі және медиа мүмкіндіктері бір қосымшаның ішінде болғанын қалаймыз. Қазір әлемде осындай экожүйелерге сұраныс артып келеді. Мәселен, Ресейде MAX платформасын дамытуға басымдық беріліп отыр.

Біз де Қазақстанда өзіміздің ұлттық цифрлық экожүйеміз болғанын қалаймыз. Онда қазақстандық кәсіпкерлер өз өнімдерін ұсынып, азаматтар қажетті қызметтерді бір жерден пайдаланып, қазақ тіліндегі контент пен ақпараттық мүмкіндіктерге қол жеткізе алуы керек. Бұл – ауқымды мақсат. Оған бір күнде жетпейтінімізді жақсы түсінеміз. Бірақ қазірдің өзінде команда жұмыс істеп, қажетті өнімдерді әзірлеу үстінде. Qajet taxi – үлкен жоспардың алғашқы қадамы ғана.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Дастанбек САДЫҚ

Қатысты жаңалықтар

БҰҰ-да Халықаралық су ұйымын құру ұсынысы талқыланады

БҰҰ-да Халықаралық су ұйымын құру ұсынысы талқыланады

Бүгін, 13:20
Шынайы отаншылдық – құрғақ сөз емес

Шынайы отаншылдық – құрғақ сөз емес

Бүгін, 12:30
54 түрлі өнім ұсынылды

54 түрлі өнім ұсынылды

Бүгін, 10:43
Ана – ұлттың ұйытқысы

Ана – ұлттың ұйытқысы

Бүгін, 10:30
Жұмылдыру дайындығы не үшін қажет және әркім нені білуі керек?

Жұмылдыру дайындығы не үшін қажет және әркім нені білуі керек?

21 қараша 2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Веб-сайт редакторы: Асыл Сұлтанғазы

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • ӘЛЕУМЕТ
  • ЭКОНОМИКА
  • САЯСАТ
  • РУХАНИЯТ
  • КҮЛТӨБЕ
  • БАСҚА
    • АЛТЫН ТҰҒЫР
    • АНАЛИТИКА
    • АРДЫҢ ІСІ
    • МӘСЛИХАТТАР САЙЛАУЫ
    • АРНАЙЫ ЖОБА
    • ДЕНСАУЛЫҚ
    • КҮНДЕРЕК
    • МІНБЕР
    • ПРЕСС-РЕЛИЗДЕР

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.