Әлемде су тапшылығы күшейіп, климаттық өзгерістер жиілеген тұста мемлекеттердің күш-жігерін біріктіру айрықша маңызға ие, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпарттық порталы.
Қазақстанның Халықаралық су ұйымын құру туралы ұсынысы Абу-Дабиде өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымының Су ресурстары жөніндегі конференциясында қаралмақ. Аталған бастаманы Сенегал мен Біріккен Араб Әмірліктерінің өкілдері қолдап, жаһандық су түйткілдерін еңсеру үшін елдердің үйлесімді жұмыс істеуі қажет екенін айтты. Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде өткен брифингте тараптар бастаманы ілгерілету жолында ортақ ұстаным қалыптастыру, тәжірибе алмасу және су инфрақұрылымын дамыту бағытында бірлесе әрекет ету керектігін атап өтті.
Сенегалдың БҰҰ жанындағы тұрақты өкілінің орынбасары Мамаду Ндиайе екіжақты және көпжақты байланыстар сумен қамтамасыз ету мен санитария саласындағы мәселелерді тиімді шешуге жол ашатынын мәлімдеді.
«Жұмыс ойдағыдай ілгерілеп келеді. Аталған үдеріс жақын арада аяқталып, сумен жабдықтау және санитария саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың дамуына ықпал етеді деп үміттенеміз. Мұнда екіжақты және көпжақты өзара іс-қимыл маңызды рөл атқара алады. Дәл осы ынтымақтастық су тапшылығына байланысты мәселелерді тиімді шешуге көмектеседі», – деді дипломат.
Сонымен қатар БҰҰ жанындағы Біріккен Араб Әмірліктерінің тұрақты өкілі Мұхамед Әбушахаб алдағы конференция Қазақстанның ұсынысын талқылауға мүмкіндік беретінін растады.
«БҰҰ-ның Су ресурстары жөніндегі конференциясында түрлі бастамаларды, соның ішінде Халықаралық су ұйымын құру туралы ұсынысты талқылауға мүмкіндік туады», – деді ол.
Мұндай жаңа құрылым құру бастамасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Ашхабадта өткен халықаралық форумда көтерген еді. Түсіндіре кетсек, халықаралық су ұйымы мемлекеттердің су ресурстарын басқарудағы әрекеттерін үйлестіріп, су мәселесін энергетика, климат және азық-түлік қауіпсіздігімен тығыз байланыстыруға септігін тигізеді. Жаһандық деңгейдегі мұндай тетік суды үнемдеу мен трансшекаралық өзендерді тиімді пайдаланудың жаңа стандарттарын қалыптастыруға негіз қалайды.
Абу-Дабидегі конференция халықаралық серіктестікті күшейтуге, инвестиция тартуға және су қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тың шешімдер табуға бағытталған. Жиынға қатысуға шамамен 7 мыңға жуық адам ниет білдірген. Конференция аясында өзара іс-қимылдың жаңа бағыттарына арналған арнайы интерактивті диалог өтіп, онда Қазақстанның Халықаралық су ұйымын құру ұсынысы кеңінен сараланады.






