Адам денсаулығы – баға жетпес байлық. Оны сақтау үшін әркім өз өміріне жауапкершілікпен қарап, түрлі инфекциялардың алдын алу жолдарын білуі керек. Соның ішінде АИТВ инфекциясынан қорғану мәселесі бүгінгі күні өзектілігін жоғалтқан жоқ.
АИТВ-нің алдын алудағы басты талап – инфекцияның берілу жолдарын білу және қауіпсіздік шараларын сақтау. Мамандардың айтуынша, инфекцияның жыныстық жолмен берілу қаупін азайтудың тиімді тәсілдерінің бірі – қауіпсіздік құралын дұрыс әрі тұрақты пайдалану. Сондай-ақ медициналық және басқа да рәсімдер кезінде тек стерильді құралдарды қолдану, өзге адамның инесі мен шприцін пайдаланбау.
Алайда сақтық шараларын білумен шектелуге болмайды. Жұқпадан таза екеніңізді анықтау үшін уақытылы тестілеуден өту де аса маңызды. Инфекцияны ерте анықтау емді дер кезінде бастауға, денсаулықты сақтауға және вирустың өзгелерге берілу қаупін төмендетуге мүмкіндік береді. Сондықтан тест тапсырудан қысылудың немесе қорқудың қажеті жоқ. Бұл – ең алдымен, өз өміріңе деген жауапкершілік.
Қазіргі медицинада АИТВ-нің алдын алудың заманауи әдістері де қолданылады. Солардың бірі – PrEP, яғни экспозицияға дейінгі профилактика. Бұл әдіс инфекцияны жұқтыру қаупі бар адамдарға дәрігердің бағалауы мен кеңесі негізінде алдын ала тағайындалады. Ал PEP – ықтимал жұқтыру қаупі болғаннан кейін қолданылатын экспозициядан кейінгі профилактика. Оның тиімділігі үшін дәрі қабылдауды мүмкіндігінше ерте, 72 сағаттан кешіктірмей бастау қажет. Емдеу курсы әдетте 28 күнге созылады. Мұндай жағдайда уақыт жоғалтпай, медициналық көмекке жүгінген жөн.
АИТВ инфекциясының алдын алу – тек медицина мамандарының міндеті емес, бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік. Әр адамның сауатты болуы, сақтық шараларын ұстануы және денсаулығына бейжай қарамауы инфекцияның таралуын тежеуге ықпал етеді. Ең бастысы, АИТВ-мен өмір сүретін адамдарды кемсітуге немесе шеттетуге болмайды. Оларға түсіністікпен қарап, қолдау көрсету – қоғам мәдениетінің маңызды көрсеткіші.
Дина ҚУАТБЕКОВА,
облыстық АИТВ-нің
алдын алу орталығының эпидемиологі






