Елімізде шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғаларға арналған жол жүру құжатын рәсімдеу ережелеріне өзгерістер енгізілді. Ішкі істер министрінің тиісті бұйрығы 23 қарашадан бастап заңды күшіне енді. Жаңа талаптар өтініш берушілерге құжаттағы кемшіліктерді түзету үшін нақты уақыт шектеуін белгілейді.
Қатені түзетуге небәрі екі күн беріледі
Бұрын «Жол жүру құжатын беру» мемлекеттік қызметінің қағидаларында өтініштегі олқылықтарды жоюға жалпы мерзімнен аспайтын «ақылға қонымды уақыт» қарастырылған еді. Жаңа редакцияға сәйкес, енді құжаттар топтамасы толық болмаса немесе мәліметтерде қате анықталса, өтініш беруші оны 2 жұмыс күні ішінде түзетуі міндетті.
Көрсетілген мерзімде кемшіліктер жойылмаса, мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартылады. Сонымен қатар ұсынылған деректер жалған болса немесе заңнама талаптарына сай келмесе, өтініш мүлде қабылданбайды.
Қызмет құны мен рәсімдеу мерзімі өзгеріссіз қалды
Құжатты рәсімдеудің негізгі шарттары бұрынғы қалпында сақталды:
-
Жалпы мерзімі: 17 жұмыс күні.
-
Қызмет құны: 8 АЕК (2026 жылғы есеппен – 34 600 теңге).
-
Қабылдау және беру: Құжаттарды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (ХҚКО) қабылдайды, ал дайын құжатты ішкі істер органдарының аумақтық бөлімшелері табыстайды.
-
Қызмет көрсету стандарты: ХҚКО-да кезек күту уақыты 15 минуттан, ал құжат қабылдау процесі 30 минуттан аспауы тиіс.
Қандай құжаттар талап етіледі?
Қазақстан аумағынан тыс жерлерге шығуға мүмкіндік беретін жол жүру құжатын алу үшін мәртебесіне қарай мына құжаттардың бірі ұсынылады:
-
16 жасқа толмаған босқындар үшін – туу туралы куәлік;
-
Азаматтығы жоқ адамдар үшін – азаматтығы жоқ адамның куәлігі;
-
Шетел азаматтары үшін – шетелдік паспорт немесе босқын куәлігі (өтініш берілген күні босқын мәртебесінің мерзімі аяқталуына кемінде 3 ай қалуы шарт).
Егер бұрын берілген жол жүру құжаты жоғалса, оның мән-жайын түсіндіретін жазбаша өтініш жазылады. Ал тегі, аты, әкесінің аты немесе жынысы өзгерген жағдайда, бұл өзгерістерді растайтын ресми құжат қоса тапсырылуы қажет.
«Жетісу-Ақпарат»






