Жетісуда жол үстінде орын алған оқыс оқиға кезінде патрульдік полиция қызметкерлері өртенген жүк көлігінен 38 жылқыны аман алып қалды. Тілсіз жау тұтқиылдан тұтанған сәтте тәртіп сақшыларының шапшаң қимылы малды ажал аузынан арашалап қалуға сеп болды.
Оқиға 24 қараша күні сағат 09.15 шамасында республикалық маңызы бар «Алматы – Өскемен» автожолының 175-шақырымында болған. Жол бойын шолып жүрген облыстық полиция департаментінің патрульдік қызметкерлері, полиция аға лейтенанттары Дамир Байбеков пен Әліби Оңласын «Volvo» маркалы жүк көлігінің отқа оранғанын байқап, дереу оқиға орнына жеткен.
Жүк көлігінің ішінде жылқылар барын аңғарған полицейлер уақыт оздырмай, оларды сыртқа шығаруға кірісті. Қызметтік көліктегі өрт сөндіргіштерді де іске қосып, жалынның бетін қайтаруға күш салды. Өрт сөндірушілер жеткенге дейін төрт түліктің барлығы қауіпсіз жерге көшірілді.
Жүргізушінің айтуынша, ол жылқыларды Күршімнен Шымкент қаласына қарай алып бара жатқан. Жол үстінде көлік кенеттен отқа оранып, сапардың соңы күтпеген жағдайға ұласқан.
Тәртіп сақшыларының табанды әрекетінің арқасында 38 жылқының бірде-бірі шығынға ұшырамады. Зардап шеккендер жоқ. Қазіргі таңда өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Қауіп қас қаққанша төнген сәтте қайрат танытып, жан-жануарды жалыннан арашалау да азаматтық жауапкершіліктің бір көрінісі. Осы жолғы оқиғада полицейлердің қырағылығы мен шұғыл шешімі талай малдың амандығына араша болды.
ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ






