Қаратал ауданы, Айту би ауылдық округіне қарасты Жасталап ауылының тұрғындары Тоқтар Ақынбаев пен Сара Курманкулова жарты ғасыр бойы бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан өнегелі отбасы.
Биыл отасқандарына 50 жыл толған жандар 169 сайлау учаскесіне барып, өз таңдауларын жасады. Екеуі де саналы ғұмырларын ауыл шаруашылығы саласына арнап, елдің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосқан еңбек адамдары. Олар ұзақ жылдар бойы мал шаруашылығында еңбек етіп, төрт түліктің басын көбейтуге, мал өнімділігін арттыруға атсалысқан. Сонымен қатар егін егіп, диқаншылықпен айналысып, туған жердің берекесін арттыру жолында аянбай тер төккен.

Еңбекті өмірінің басты құндылығы санаған бұл жандар адалдық пен жауапкершіліктің үлгісін көрсете білді. Қиындыққа мойымай, маңдай терімен нәпақасын тапқан қос еңбеккер ауылдастарының құрметіне бөленген. Бүгінде олар – ұрпағына өнеге, кейінгі буынға үлгі боларлық жарасымды жұп. 169 сайлау учаскесінің атынан олардың ел игілігі жолындағы еселі еңбектеріне зор құрмет білдіреміз. Жарты ғасырлық жарасымды ғұмырлары құтты болып, дендеріне саулық, отбасыларына амандық тілейміз!






