Бүгінгідей IT технологиялар мен интернет ресурстары, робототехника және ғарышты игеру салалары дамыған сайын болашақ жастар үшін мамандық таңдау мәселесі өзекті проблеманың бірі екені сөзсіз. Себебі, уақыт алға жылжыған сайын жаңа үлгідегі өндіріс орындары көптеп ашылып, бірнеше мыңдаған тауарлар түрі нарыққа жол тартуда.
Сондықтан да өркениет талабына сай бәсекеге қабілетті сапалы өнімдер шығару арқылы ғана нарық заңының талаптарына төтеп беріп, заман көшіне ілесуге болады. Осы орайда бұл мәселені болашақ жастар мен мектеп оқушыларының санасына сіңіріп, дер кезінде жан-жақты хабардар ету керектігін өмірдің өзі дәлелдеп отыр.
Жуырда Панфилов ауданына қарасты «Қорғас-Шығыс қақпасы еркін экономикалық аймағында» «Ашық есік күні» өткізілді. Оған Нұркент қалашығындағы орта мектеп оқушылары қатысып, еркін экономикалық аймақтың жұмыс процесімен танысты. Оқушыларға Жетісу облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті «Алтынкөл-жол» кеден бекетінің бас маманы Айбек Үйсінбаев нен «Қорғас-Шығыс қақпасы еркін экономикалық аймағының басқару компаниясы» акционерлік қоғамының инвесторларды тарту және қолдау көрсету бөлімінің 1-ші деңгейлі менеджері Серғали Сұлтанғазин аталмыш аймақтың жұмыс ерекшелігіне тоқталып, қазіргі уақытта шығарылып жатқан өнімдермен және жаңа өндіріс орындарымен таныстырды.
Сонымен қатар еркін экономикалық аймаққа сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар мен инвесторларды тарту тәртібі және тауар өндіру барысындағы инвесторларға жасалатын кедендік төлемдер бойынша жеңілдіктер туралы да кең түсініктер берілді. Атап айтсақ, қазіргі уақытта еркін экономикалық аймақта 69 сыртқы экономикалық қызметке қатысушы тіркелген. Олар бірнеше миллион доллар инвестиция салып отыр. Соның нәтижесінде еркін экономикалық аймаққа қатысушылар саны күн сайын артып келеді. Бүгінгі күні осы аймақтан және «Алтынкөл-жол» кеден бекеті арқылы әлемнің қырықтан астам еліне тауарлар жөнелтіледі. Ашық есік күні соңында оқушылар өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақтар қойып, қанағаттанарлық жауаптар алды.
Бекен Нұрахметов,
Жетісу облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті
«Алтынкөл-жол» кеден бекеті басшысының орынбасары
Фото: sk.kz





