Талдықорғандағы Оқушылар сарайында Жетісу облысының халқымен кездесіп, денсаулық саласындағы мәселелерді айшықтап, атқарылып жатқан істерді егжей-тегжейлі баяндаған ҚР Денсаулық сақтау минстрі Ақмарал Әлназарова:
– Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы бойынша ұлттық жоба жүзеге асуда. Аталған жоба аясында былтырдан бастап осы өңірде 59 нысан салыну жоспары бекітілсе, биыл жыл соңына дейін соның 30-ы іске қосылады деп күтілуде. Сіздермен кездесер сәтке дейін аталған нысандардың 2-3-еуін аралап, сапасын тексеріп келдім. Бұлар ауылды жерлердегі халық үшін ыңғайлы, медициналық көмек көрсету сапасын жақсартуға оң ықпал ететін нысан екенін айта кетуіміз керек, – дей келе соңғы үш жылда салынған 60-тан астам нысан жергілікті бюджет есебінен салынғанын айшықтап, облыс басшылығына алғысын жеткізді.
Жалпы денсаулық сақтау саласы бойынша жан-жақтылы баяндама жасаған Ақмарал Шәріпбайқызы өңірде салынған медициналық-амбулаториялық орталықтар мен модульдік үлгідегі медициналық фельдшерлік пункттер жайлы, қолайлы етіп салынғанын тілге тиек етті.
Дансаулық сақтау министрінің айтуынша кадр тапшылығы республика бойынша орын алған күрделі мәселе. Ресми түрде 4 мыңнан астам дәрігер жетіспейді деп көрсетілгенмен, мұның ауқымы аталған көрсеткіштен жоғары. Десе де соңғы 15 жылдағы рекордық көрсеткіш орын алып, биыл 10 мыңнан астам дәрігер оқып шыққан. Жетісу облысына жіберілген дәрігерлердің тек 30 пайызы жергілікті жерлерге келіп жұмыс жасауда.
– Орынды айтылған сынға қашанда ден қойып, оның шешімін бірге қарастырамыз. Бүгінгі таңда медицина саласы бойынша 69 мыңнан астам дәрігер білім алып жатыр. Оның 52 пайызы ақылы түрде оқуда, – деген А. Әлназарова ақылы түрде оқыту, ондағы бала санының көптігі ұстаздар мен мамандарға, профессорлық құрамға шамадан тыс жүктеме болып отырғанын, мұның Президент тапсырмасына сай оң шешімі қарастырылғанын жеткізді.
Жетісулықтармен болған жүздесуде Денсаулық сақтау минстрі кредиторлық қарыз себептері, МӘМС, тарифтерді көбейту жұмысы, тегін дәрі-дәрмек секілді мәселелерді де атаусыз қалдырмады.
Мәселен Ақмарал Шәріпбайқызы:
– Медицина саласы бойынша өзекті мәселе өте көп. Соның бірі – МӘМС мәселесі. Бүгінде сақтандырылмаған азаматтардың саны еліміз бойынша 3 миллионнан асады. Отбасылық цифрлық карта арқылы қарағанда, аталған 3 миллионнан астам адамның 1,2 млн.-ы үйіне кірісі жоқ, жұмыссыз жүрген азаматтар. Сондықтан осындай азаматтарды, шын мәнінде әлеуметтік осал топ санатындағы адамдарды жергілікті атқарушы органдар есебінен МӘМС жүйесіндегі жарналарын төлеу бүгінгі таңда ҚР Денсаулық сақтау минстрлігінен ұсынылып отыр, – деп атап өтіп, бұл өзгеріс ҚР Парламент шешіміне тікелей байланысты екенін де айшықтады. Осы тақылеттес мәселелерді көтеріп, атқарылып жатқан істерді айшықтаған министр баяндамасынан кейін жетісулықтар көкейде жүрген сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды.
Жиынның сұрақ-жауап кезеңінен кейін Денсаулық сақтау министрі бірқатар азаматты жеке мәселесі бойынша қабылдап, соңынан журналистермен жүздесті.
Асыл Сұлтанғазы
Суретті түсірген Жұмбай Мұсабеков





