Дәнеш Рақышев атындағы филармонияда облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов мәдениет және өнер қызметкерлерімен кездесті. Астана қаласындағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына өз үлестерін қосқан сала мамандарының бірқатарын «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, ҚР-дің Мәдениет және ақпарат министрінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатпен марапаттады.
Адам баласын тұлғалық деңгейге көтеретін мәдениет екені айқын. Оның ішкі мәні қоғамдағы өмір сүріп жатқан адамдардың санасында, парасаттылық сезімдері мен қатар рухани ізденістерінде анық айқындалады. Ғалымдар мәдениетті адамның бойында азаттық, жауапкершілік, адамгершілік сәулесі нұрын шашып, мәңгі өлмейтін шығармашылық із қалдырады деген тұжырымға келген екен. Осы тұста ұлттың ұлық өнерінің өркендеуіне өңіріміздің өнерпаздары өлшеусіз үлес қосып келе жатқанын айтқанымыз жөн.
Шара шеңберінде Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры әртістері Алмахан Кенжебекова мен Мәкен Нұрмұхамбетованың «Парасат» орденімен марапатталғаны аталып, гүл шоқтары тарту етіліп, иықтарына шапан жабылды. Сонымен қатар, Шоқан Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалды музейінің меңгерушісі Марал Рахатоваға «Шапағат» медалі, Жетісу облысы Дәнеш Рақышев атындағы филармониясының жеке дауысты әншісі Бейбіт Мұсаевқа «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды. Вокал дайындаушы Ольга Ефтюкова мен М. Төлебаев атындағы халық аспаптары оркестрінің аспапшы әртісі Фатима Тұрғанбекова «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Ал Жетісу облысы Дәнеш Рақышев атындағы филармониясының жеке дауыстағы әншілері Сая Есенгелдінова, Алмас Жексенбаев, Маулеш Әбжапаров, Азамат Умбетовке ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасы берілді.
Адамзат өркениетінің мол мұрасын, этноспорттың және этномәдениеттің дәстүрін дәріптеу мақсатында Астана қаласында өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Жетісу облысының атынан қатысып, мәдениет пен ұлттық салт-дәстүрді насихаттап, жоғары дәрежеде атсалысқаны үшін «VISIT ZHETYSU» туристік ақпараттық орталығының, Мұхаметжан Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің, Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының, Дәнеш Рақышев атындағы филармонияның, облыстық халық шығармашылығы орталығының ұжымдары, сондай-ақ, өңірдегі Ақбаян Дулатқызы, Тілеш Рымжанұлы, Сәйілхан Зәйт, Талас Нұрманұлы сынды қолөнершілер облысы әкімі орынбасарының Алғыс хатымен марапаталды.
Кездесу аясында Диас Рахметұлы сөз сөйлеп, мәдениет қызметкерлеріне адал еңбектері үшін алғыс білдірді. Шалқар шабыт тілеп, марапат иелерін айрықша құттықтады.
– Бұл марапат сіздердің таланттарыңыздың, шығармашылық шеберліктеріңіздің, тынымсыз еңбектеріңіздің лайықты жемісі. Алдағы уақытта да өнер саласында жаңа бастамалар мен жобаларды қолдай отырып, мәдениеттің өсіп-өркендеуіне үлес қосады деп сенемін. Астана қаласында өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Жетісу жерінен 100-ге жуық өнер майталмандары қатысты. Ол үшін орталық комитеттен менің атыма арнайы марапат келді. Бұл бәріміздің жеңісіміз деп ойлаймын, – деді ол.
Медет ЖҰМАБАЙ
Суретті түсірген Жұмабай Мұсабеков





