Биыл майлы дақылдар егілген алқап көлемі 88,5 мың гектарды құрайды. Олардан жалпы 186,4 мың тонна өнім жиналады деп күтіліп отыр. Ал оның 164,0 мың тоннасы майбұршақ.
Бүгінгі күнге майлы дақылдардың 68,9 пайызы шабылып, 117,5 мың тонна өнім жиналды. Оның әр гектары 19,3 центнерден айналуда. Бұл жөнінде облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бахтияр Шампиков пен «Уыз Май Индастри» ЖШС бас директорының орынбасары Аман Көпесов Журналистер үйінде өткен брифингте айтты.
Спикерлердің сөзінше, аймақта майбұршақ қабылдайтын 5 кәсіп-орын бар. Олар 65 мың тонна өнім қабылдайды деп жоспарлап отыр. Соның бірі «Уыз Май Индастри» ЖШС. Бұл кәсіпорын бүгінде 7,5 мың тонна майбұршақ қабылдап, оның 2,2 мың тоннасын қайта өңдеді. Белгілі болғандай, 1 келі майбұршақтың қабылдау бағасы – 180 теңгеден.
Айта кетейік, жетісулық «Уыз Май Индастри» ЖШС – толық майлы соя, соя шроты және соядан май өндіретін жетекші компания. 2009 жылы құрылған өндіріс ошағы Қазақстан мен ТМД елдері нарығында 20 жылдан аса жұмыс істеуде.
Тамақ өнеркәсібінің барлық саласы үшін өнім жеткізетін бұл кәсіпорын өндірісте Алматы мен Жетісу облыстары шаруа қожалықтарынан ең жақсы шикізатты сатып алып, оны заманауи, жоғары технологиялық жабдықтармен өңдейді. Алдыңғы жылы компания цехтарын қайта жаңартып, майды ылғалдандыратын жаңа цех салды. Бұл – өңдеу қуатын тәулігіне 200-ден 300 тоннаға дейін арттыруға, сатылатын өнім желісін кеңейтуге, негізгі өнімдерді тұтынуды оңтайландыруға және электр энергиясын тұтынуды азайтуға мүмкіндік берді.
А. ЫБЫРАЙ





