Талдықорғанда Салтанат сарайында әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті.
Шарада облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев сөз алып, көпшілік қауымды мерекемен құттықтады.
– Сіздерді Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Мейірімділік пен жақсылықтың бұл мерекесі барлығына жанашырлық қажеттілігін еске салатын жақсы дәстүрге айналды. Сіздердің әлеуметтік саладағы тынбай атқарып жатқан жұмыстарыңыз өте маңызды және қоғамға қажет, – деп халықты әлеуметтік тұрғыдан қорғауда жан-жақты тер төгіп жүргендерге шексіз ризашылығын білдірді.
Салтанатты шарада ыстық ықыласын ақтарған «Мейірім» Жаркент арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Амантай Раев, Жетісу облысының есту қабілеті бұзылған мүгедектігі бар адамдарға арналған «Инклюзия» қоғамдық бірлестігінің басшысы Айгүл Оқбаева мемлекет тарапынан жасалып жатқан жағдайға алғыс айтты.
Марапаттау рәсімінде Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты, үздік деп танылған мемлекеттік мекемелерге ақшалай сыйлық тарту етілді. Бұдан бөлек сала мамандарына «Еңбек ардагері» медалі және «Әлеуметтік – еңбек саласының үздігі» төсбелгісі табысталды.
– Жас ұрпақты тәрбиелеу мен оқытудағы 40 жылғы еңбегім бағаланып, облыс әкімінен «Еңбек ардагері» төсбелгісін алдым. Алакөл ауданы М. Төлебаев атындағы мектепте 40 жыл бойы ұстаздық етіп, жас ұрпақты тәрбиеледім. Еңбегімнің ақталғанына қуаныштымын. Басқаларға да осындай жетістік тілеймін, – деген «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталған физика пәнінің мұғалімі Қарлығаш Жакуова. Облыстың әлеуметтік қорғау жүйесінде еңбек етіп жүрген қызметкерлердің саны 2 мыңнан асса, оның 500-ден астамы әлеуметтік қызметкерлер.
Облыста әлеуметтік осал топқа жататын 43 мың азаматқа 5,1 млрд. теңге көлемінде түрлі әлеуметтік көмек берілді. Оның ішінде биыл алғаш рет 18 жасқа дейінгі 32 мыңға жуық мүгедектігі бар балаға 6 АЕК құрайтын бір реттік әлеуметтік көмек төленді. Сондай-ақ, 2024 жылдан бастап 18 жастан асқан бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды санаторлы-курорттық емдеуде алып жүру үшін жеке көмекшілерге біржолғы әлеуметтік көмек бекітілді.
Гүлжан ТҰРСЫН





