Осыдан 50-70 жыл бұрын пайдалануға берілген Талдықорған қаласындағы 28 көпқабатты тұрғын үйдің шатырын ауыстыру жұмысы жүріп жатыр. Құрылыс жұмысына жергілікті бюджеттен 420 млн. теңге қаржы қарастырылған.
– Өткен жылы қаладағы 1950 – 1970 жылдары салынған көпқабатты үйлерді толық зерделеп, тозығы жеткен шатырларды ауыстырып, сылағы көшкен касбеттерді жаңартуды жоспарлағанбыз. Сол бойынша қаладағы 28 үйдің шатырына бюджет есебінен ағымды жөндеу жұмысы жүргізілуде. Қазан айының басында басталған 10 үйдің шатыры ауыстырылып болды. Қалғандары ауа райы қолайлы болған жағдайда 20 қарашаға дейін бітеді. Сондай-ақ, 6–7-ші шағын аудандағы көпқабатты үйлердің түсіп қалған 2120 шаршы метр қасбетін жөндеу жұмысы аяқталды, – дейді Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Сейтімбетов.
Бұл жұмыс мұнымен тоқтап қалмайды. Келесі жылы шамамен 30-ға жуық үйдің шатыры жаңаланып, Назарбаев және Жансүгіров көшелерінің бойындағы ескі үйлердің қасбеті толық жаңартылады.
Бюджет есебінен шатырларды ауыстыру, үйлердің қасбетін жаңарту ең алдымен қаланың келбетін көріктендірсе, екіншіден, тұрғындардың көңілін көтереді.
Айта кетерлігі, құрылыс жұмысымен «АЙД СТРОЙ» ЖШС айналысуда.
– Біздің компания Текелі қаласында орналасқан, 2018 жылдан бері құрылыс саласында жұмыс істеп келеміз. Талдықорған қаласындағы 28 үйдің шатырын ауыстыру жұмысына кіріскенімізге бір айдан асты. Жұмыс қарқынды және сапалы жүріп жатыр. Бүгінде Назарбаев көшесіндегі №54, №56, №58 үйлер мен Жамбыл көшесіндегі №94, №146 үйлердің құрылысы аяқталуға жақын. Ал ең үлкен нысан есебіндегі Қабылиса жырау көшесіндегі №194 үйдің 50 пайыз жұмысы бітті. Қазір 60 жұмысшымыз бар. Олар айына 350-400 мың теңге айналасында табыс табады, – дейді «АЙД СТРОЙ» ЖШС директорының орынбасары Ахметжан Көшербайұлы.
Құрылыстың қарқынын біз де көрдік. Дегенмен, жаңаның аты жаңа ғой. Көне үйлердің шатыры ауысқалы еңсесі биіктеп қалғандай көрінді. Мұндай көрініс тұрғындардың да көңілінен шығып жатқанын байқадық.
– Тұрып жатқан үйіміздің қолданысқа берілгеніне 64 жыл болыпты. Өз пәтерімді 70 жасымда сатып алып едім, биыл 86-ға келдім. Мен сияқты бірнеше қария тұрамыз. Бұрын төбеден жаңбыр өтіп, көршілердің мазасын алатын. Оны көрген балалар: «Жаңа үй әпереміз, осы үйді сатыңыз» деп талай айтты. Бірақ бұл үйден көшкім келмейді. Қиын жылдарды да, жақсы күндерді де осында өткіздік. Үйдің нашар жағдайын әкімдікке айтып едік, міне, шатырымызды жаңалап берді. Есіктің алдындағы аула қоқысқа толып жатушы еді. Жаңадан балалар ойын алаңын салып, жарқыратып қойды. Енді көрші қарттармен жайланып әңгіме айтып, қызығымызды бөлісіп тұратын боламыз, – дейді Назарбаев көшесі, №54 үйдің тұрғыны Мария Рысбекқызы.
Әрине, шатыры жаңаланған үйлердің ауласы жарқырап тұр деп айта алмаймыз. Мария апа тұратын үйдің іргесіндегі №56 үйдің Назарбаев көшесіне қараған жағы жарқырап тұр да, Қабанбай батыр көшесі жағындағы аула аузы-мұрнынан шығып, қоқысқа, ағаш жапырағына толып жатыр. Тіпті, жаңадан салынған балалар ойын алаңын жабайы өскен ағаштар қымтап алыпты. Оған қарамай ойнап жүрген балаларды көрдік. Енді қайтсін?
Әрине, қала әкімдігі және тиісті мекемелер өз міндетін орындап жатыр. Ал өздері тұрған ауланы тазартып ұстау тұрғындардың еншісіндегі дүние. Кейде осындай жауапкершілікке немкетті қарайтынымыз қынжылтады.
Қ. ОМАРАҚЫН
Суретті түсірген Жұмабай Мұсабеков





