Елімізде қазан айының соңғы жексенбісі әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің кәсби мерекесі. Осыған байланысты Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда аталған сала қызметкерлері арасында алғаш рет спартакиада өтті.
Мерекеге қарсаңында шағын футбол, дойбы, волейбол, үстел теннисі және бильярд сынды спорттың 5 түрінен ұйымдастырылған жарысқа жасақталған 21 команда құрамынан жалпы 400-ге жуық қызметші қатысты.
Мамандардың мәліметінше, бүгінде Жетісу облысы бойынша халықты әлеуметтік қорғау жүйесінде 2 мыңнан астам адам еңбек етеді. Оның 500-ден астамы әлеуметтік сала қызметкерлері.
Бір күн бойы жалғасып тартымды да тартысты өтіп көрермендердің делебесін қоздырған сайыста әр жарыс түрі бойынша үздіктер анықталды. Сонымен сайыскерлер арасынан топ жарғандар I-II-III дәрежелі дипломдармен, кубок, мақтау қағаз және арнайы медальдармен марапатталды. Бастысы жүлделі бірінші орынды ешкімге есе жібермей топ жарған Талдықорған қалалық «Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар» мемлекеттік мекемесінің және осы бөлімге қарасты мекеме өкілдерінен құралған «Талдықорған Тарландары» құрама командасы еншіледі.
– «Спорт денсаулық кепілі. Мерекеге орай ұйымдастырылған бұл жарысқа әр қызметші белсене қатысып әрбір құрама барын салды. Жарыс болған соң жеңістің де, жеңілістің де болатыны анық. Мұнда әлеуметтік сала қызметшілерінің де салауатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спорттың дамуына өз үлестерін қосып отырғанын білдіреді. Бастысы жарыс әрбір қатысушыға мерекелік көңіл күй мен күш-жігер сыйлағаны анық», – дейді ұйымдастырушылар.
Айдын КӘЛІМХАН





