Елімізде балалардың денсаулығын жақсарту, әлеуметтік қолдауды күшейту және цифрлық технологияларды пайдалану арқылы медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру бағытында ауқымды шаралар жүзеге асырылуда, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласындағы жаңашылдықтар азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы кохлеарлық импланты бар балаларға арналған қашықтан есту және сөйлеу қабілетін оңалту бағдарламасын ұйымдастырды. Онлайн сабақтар дәстүрлі форматтағы оңалту курстарын толықтырып, балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан мамандармен тұрақты байланыста болуына мүмкіндік береді. Өңірлердегі шалғай елді мекендерде тұратын отбасылар үшін бұл бастама үлкен қолдау болып отыр. Мәселен, алғашқы қашықтан оқыту курсына еліміздің тоғыз өңірінен 3-7 жас аралығындағы 16 бала қатысып, олардың 12-сі ауылдық жерден қосылды.
Мамандардың айтуынша, кохлеарлық имплант орнатылғаннан кейін баланың дыбыстарды ажырату, сөйлеуді түсіну және сөйлеу дағдыларын қалыптастыру қабілетін дамыту үшін жүйелі түрде сабақ өткізу қажет. Алайда шалғай аумақтардағы тұрғындардың сурдопедагог, логопед және басқа да бейінді мамандардың көмегіне тұрақты жүгіну мүмкіндігі шектеулі болып келеді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында қолға алынған бағдарлама аясында әр бала үшін жасына, даму деңгейі мен жеке ерекшеліктеріне қарай оңалтудың жеке маршруты әзірленеді. Баланың қажеттілігіне байланысты сабақтарды сурдопедагог, логопед, дефектолог немесе психолог жүргізеді. Мамандармен онлайн кездесулер аптасына екі рет, яғни айына сегіз рет ұйымдастырылады.
Сонымен қатар бағдарламаның маңызды бөлігі ретінде ата-аналардың белсенді қатысуы қамтамасыз етілген. Тәжірибелі мамандар отбасыларға тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, үйде орындауға арналған арнайы тапсырмалар береді. Ата-аналар жаттығулардың орындалу барысы мен нәтижелерін тіркеп, мәліметтерді мамандарға жолдайды. Мұндай үйлесімді жұмыс тәсілі баланың дамуындағы өзгерістерді бақылауға, туындаған қиындықтарды жедел талқылауға және алдағы сабақтарды тиімді жоспарлауға жол ашады. Елімізде қолға алынған осындай цифрлық оңалту шаралары өскелең ұрпақтың қоғамға бейімделуіне және толыққанды білім алуына зор мүмкіндік береді.





