Қазақстанда балалар денсаулығын қорғау, жоғары технологиялық медициналық көмекті дамыту және күрделі хирургиялық операцияларды отандық клиникаларда жүзеге асыру бағытында маңызды серпілістер орын алуда, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Алматы қаласындағы №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасында қазақстандық нейрохирургтар Германиядан келген жетекші маманмен бірлесіп, сегіз жастағы балаға ми гамартомасын алып тастау бойынша күрделі операция жасады. Сирек кездесетін туа біткен патология – ми тіндерінің дамуындағы ауытқулар салдарынан пайда болатын ісік саналады. Пациент туғаннан бастап себепсіз күлкі ұстамалары, ұйқы мен сөйлеу бұзылыстары, психикалық дамудың тежелуі және бас ауруы сияқты ауыр неврологиялық жағдайларға шалдыққан. Аталған ақау үздіксіз эпилепсиялық ұстамаларды қоздырып, баланың денсаулығына кері әсерін тигізген.
Ота халықаралық практикалық мастер-класс шеңберінде өтті. Германияның «Шарите» (Charité – Universitätsmedizin Berlin) университеттік клиникасы балалар нейрохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі, профессор Ульрих-Вильгельм Томале қазақстандық әріптестерімен бірге нейронавигация мен операция кезіндегі нейромониторинг технологияларын қолданды. Озық құралдар хирургтарға мидың күрделі құрылымдарында жоғары дәлдікпен бағдарлауға мүмкіндік берді. Мамандардың пікірінше, мұндай заманауи микрохирургиялық тәсілдер емдеу тиімділігін 25-30 пайызға арттырып, операциядан кейінгі асқынулардың алдын алады.
Халықаралық ынтымақтастық пен «Добровольное Общество Милосердие» қоғамдық қорының қаржылық қолдауы арқасында шеберлік сағаты барысында бес күрделі операция жасалды. №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасының директоры Марат Рабандияров атап өткендей, шетелдік тәжірибе алмасу отандық нейрохирургияны жаңа деңгейге көтеруде. Елімізде балалар нейрохирургиясы мен эпилепсияны хирургиялық емдеу әдістерін енгізу – жас пациенттердің шетелге шықпай-ақ сапалы ем алуына берік негіз қалайды.





