«Жедел жәрдем» медициналық қызметі – өмірге қауіп төнгенде көмекке алғаш жететін ажалға арашашы. Соңғы айларда «Жедел жәрдем» қызметі бұрынғыдай түнгі уақытта келмейтін болыпты», «Ауру қауіпті болмаса қызмет көрсетпейді» деген кәуесет тарап кетті. Бұл жайында әлеуметтік желіде әркім әртүрлі алыпқашпа әңгіме айтты. Халық дүрлікті. «Осы жағдайдың анық-қанығын біліп беріңіздерші» деген телефон қоңаулары газет редакциясына да көптеп түсті. Оқырманның сауалына жауап беру үшін денсаулық сақтау мекемелеріндегі жауапты мамандармен сөйлестік. Түйгеніміз, қызмет көрсету бұрынғысынша қалады. Алаңдаушылыққа негіз жоқ.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әйгерім Оразалиева «Жедел жәрдем» жұмысына енгізілген өзгерістер барысында түсініктеме берді. «Бірқатар БАҚ-та жедел медициналық көмек көрсету қағидаларына өзгерістер енгізу туралы бұйрық жобасының мазмұнын қате түсіндіру жарияланды. Осыған байланысты айтарым, «103» нөміріне қоңырау шалу арқылы барлық пациенттер шақырту санатына қарамастан толық көлемде медициналық көмек алады», – деді ресми өкіл. Сондай-ақ, қызмет көрсетудің пәрмені жайлы да айтып өтті. «Кешкі және түнгі уақытта, сондай-ақ демалыс күндері барлық санаттағы шақыртуларға жедел көмек бригадалары қызмет көрсететін болады. Бірде-бір шақырту назардан тыс қалмайды. Пациенттерге қызмет көрсетудің жеделдігі мен сапасы одан әрі жақсарады»,– деді ол.
Осылайша, азаматтар үшін ештеңе өзгермейді. Бірде-бір шақырту назардан тыс қалмайды және пациенттерге қызмет көрсетудің жеделдігі мен сапасы одан әрі жақсарады. Жеделдіктің IV санатындағы шақыртуларға қызмет көрсету үшін медициналық-санитарлық алғашқы көмектің мобильдік бригадалары құрыламақшы.
Егер азаматтың жағдайы нашарлап, өзі емделе алмайтын жағдайда болса, оған «103» – ке хабарласуға болады. Ал, оған қаншалықты шұғыл көмек көрсетілетінін шақыртуды қабылдайтын оператор әңгіме барысында шешеді.
Оқырмандарымызға түсіндіре кететін болсақ, сырқаттың жағдайына байланысты шақырту 4 санатқа бөлінеді.
Бірінші санат бойынша «Жедел жәрдем» қызметі шақырылған жерге 10 минуттан аспайтын уақытта жетуі тиіс. Оған есінен тану, тыныс алудың тоқтауы, жүрек қағысының нашарлауы, есеңгіреу, сіңір тартылу, кеуде тұсының ауыруы, орталық нерв жүйесінің бұзылуы, сал ауруы, жындану, зақым келу салдарынан қан кету, бас, мойын жарақатынан қан кету, күйік, үсік, жануарлар мен жәндіктердің шағуы, электржарақатын алу, қан аралас құсу, бала туу, сондай-ақ, жарылыс, өрт, су басу сияқты төтенше жағдайлар кіреді.
Екінші санат бойынша «Жедел жәрдем» қызметі шақырылған орынға 15 минуттан аспайтын уақытта жетуі керек жағдайға лаңкестік әрекет орнына шақыру, пациенттің ес-түсін жоғалтуы, тыныс алу жолдарының бұзылуы, улану, жүрек соғысының бұзылуы, естен тану, 3 жасқа дейінгі балалардың дене қызуы 38°С-тен жоғары көтерілуі, қызудың жоғарылауымен денені бөртпе басу, жарақат алу салдарынан қан кету, улану, коронарлы синдромға ұқсастық белгі, жүкті әйелдердің бас ауруы жатады.
Үшінші санат бойынша «Жедел жәрдем» қызметі шақырылған жерге 30 минуттан аспайтын уақытта жетуі тиіс. Оған жарақат алу, іш ауруы, дене қызуының көтерілуі, көпшілік шаралар кезіндегі кезекшілік, физиологиялық босану, жүкті әйелдердің іш ауруы.
Төртінші санат бойынша «Жедел жәрдем» қызметі шақырылған жерге 1 сағаттан аспайтын уақытта жетуі тиіс. Оған созылмалы аурулардың асқынуы, терінің өткір қабынуы, ісіну, жеңіл жарақаттар, созылмалы аурулардың қабынуы, тамақтан улану, іш өту, құсу, жүкті әйелдердің құсуы, зәр шығару жүйелерінің созылмалы аурулары салдарынан кіші дәреттің жүрмей қалуы, қан аралас зәр шығару, бала туу, түсік жасатудан кейінгі асқынулар жатады.
Министрліктегілердің айтуынша, шұғыл көмек көрсетудің санатын анықтауда диспетчер пациенттің қандай жағдайда көмекке жүгініп отырғанына назар аударады. Егер созылмалы аурудың өзі адам өміріне қауіп төндіретіндей болса, пациентке талапқа сәйкес бригада жіберіледі. Бұл ретте қан қысымының көтерілуі негізге алынады. «Мәселен, қан қысымы жоғары пациент учаскелік дәрігердің есебінде тұрып, қан қысымын түсіру үшін тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіледі. Қан қысымы көтерілгеннен басқа да шағымдары болмаса, ол учаскелік дәрігерге жүгінуі тиіс. Ал, ауруы күрт асқынған жағдайда «103» қызметін шақыра алады. Мұндайда «Жедел жәрдем» қызметі оған екінші санат бойынша 15 минуттан аспайтын уақытта жетуі тиіс»,– дейді министрліктің ресми өкілі. Тақырыпқа орай облыстағы «Жедел жәрдем» жайлы ақпарат бере кетейік. Облыстық «Жедел және шұғыл медициналық көмек станциясы» 1 дербес станция, 9 қосалқы станция және 13 дислокациямен қамтылған. Қызмет көрсетілетін халық саны 667 107 адам. Станцияда 67 көшпелі жедел көмек медициналық бригадасы жұмыс істейді.
Оның 4-уі мамандандырылған-дәрігерлік, 63-і фельдшерлік бригада. «Жедел жәрдем» станциясының баспасөз қызметі Галина Митковскаяның сөзінше, биылғы бірінші жартыжылдықа бір бригада тәулігіне 15-19 шақыруға барған. Талдықорған қаласы бойынша 21 мобильді бригада қызмет көрсетеді.
Кезекші немесе диспетчер телефон арқылы алдын ала диагнозды дұрыс қоймаса және «Жедел жәрдем» бекітілген мерзімнен кеш келсе Әкімшілік және қылмыстық кодекс негізінде жауапкершілікке тартылады. Дер кезінде сапалы медициналық көмек алу үшін шағымданушы да денсаулық жағдайын нақты айтып, медицина мамандарына көмектесу керек. Диспетчермен телефон арқылы тілдесу кезінде ойын жинақтап, асып-саспай қойылған сұраққа нақты жауап берген жөн.
Гүлжан ТҰРСЫН
Фото: istockphoto.com





