«Денсаулық – бұл аса бағалы дүние. Оған қоса, ол үшін уақытты, күш-жігерді, еңбекті және барлық игіліктерді аямастан өмірдің бір бөлігін құрбан етуге тұрарлық жалғыз нәрсе, өйткені онсыз өмір төзімсіз және қорлықпен өтетін болады», – деген екен француз жазушысы М. Монтенье.
Біздің мемлекетіміз де еліміздің басты құндылығы – адам екенін және ұлт денсаулығы жақсы болса ғана қоғамның тұрақты дамитынын ескере отырып, денсаулық сақтау саласына үнемі баса назар аударып келеді. Атап айтсақ, Президентіміз жыл сайынғы Жолдауында осы салаға ерекше тоқталып, нақты тапсырмалар беріп отырады. Мысалы, биылғы Жолдауында үкіметке денсаулық сақтау саласын қаржыландыруды қайта қарастыруды, медициналық инфрақұрылымды жақсартуды, медицина саласына инвестиция тартуға қолайлы жағдай туғызуды, мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін кадр даярлау жүйесін жетілдіруді тапсырды.
Әрине, мұның бәрі қуантарлық әрі құптарлық жайт. Дегенмен, әрбір адам өз денсаулығының ең алдымен өзіне керек екендігін естен шығармағаны, әрі мемлекет тарапынан осындай қолдау болып тұрғанда әрбір жеке тұлға өзінің жауапкершілігін ұмытпағаны жөн.
Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау ұйымының (бұдан әрі – ДДСҰ) анықтамасы бойынша денсаулық – бұл аурудың болмауы ғана емес. Денсаулық – бұл толыққанды дене, психикалық және әлеуметтік әл-ауқат жағдайы. ДДСҰ мәліметтері бойынша, адам денсаулығының 50% өмір салтымен, 20% тіршілік ету ортасымен және 10% денсаулық сақтау жүйесіне байланысты.
Қан қысымының жоғарылауы, артық салмақ, қандағы глюкозаның жоғарылауы сияқты кең таралған проблемалар жұқпалы емес аурулардың көбеюіне әкеледі. Қатерлі ісік, тыныс алу, жүрек-қан тамырлары аурулары және қант диабеті әлемдегі барлық өлімнің 70% — дан астамын құрайды.
Жұқпалы емес аурулардың алдын алу көбінесе адамдардың өздеріне байланысты. Ол саламатты өмір салтын, физикалық белсенділікті, сондай-ақ уақтылы көмек сұрауды, тұрақты медициналық тексерулерді және дәрігерлердің ұсынымдарын сақтауды қамтиды.
Сонымен қатар саламатты өмір салтының маңызды құрамдас бөлігі – дұрыс тамақтану принциптерін сақтау.
Денсаулықты жақсартудың маңызды факторы – бұл қозғалыс белсенділігі. Оған жүзу, скандинавиялық жүріс, би, ойын, спорт және т.б. жатады. Солардың ішіндегі ең қолжетімді және ең арзан әдісі – бұл әртүрлі денсаулық топтары арасында іс жүзінде қарсы көрсетілімдері жоқ және жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алудың әмбебап құралы – жаяу жүру.
ДДСҰ классификациясына сәйкес:
— күніне 5000 қадамнан аз – өмір салтын «отырықшы» ретінде сипаттайды;
— күніне 5000-нан 7499 қадамға дейін – бұл көрсеткіш спорт пен физикалық белсенділікті қамтымайды және «тиімділігі аз» болып саналады;
— күніне 7500-ден 9999 қадамға дейін – кейбір физикалық белсенділікті немесе жаяу жүруді (және/немесе көп жүруді қажет ететін жұмысты) қамтиды және «ішінара белсенді» болып саналады;
— күніне 10000 немесе одан да көп қадам адамның өмір салтын «белсенді» деп сипаттайды.
Жоғарыда атап өткеніміздей, адамның денсаулығы, ең алдымен, өзіне байланысты. Уақтылы алдын алу, саламатты өмір салты, өзіне және айналасындағыларға жауапкершілікпен қарау, денсаулық пен қоршаған ортаға зиян келтірмейтін тауарлар мен қызметтерді таңдау, мұның бәрі денсаулық пен ұзақ өмір сүрудің, аурулардың алдын алудың қажетті шарттары болып табылады.
Адам жанының арашашысы ретінде мүмкіндігінше ұзағырақ деніңіз сау болуы үшін мынадай кеңестер берер едік:
1. Белсенді өмір салтын ұстаныңыз. Күнделікті таңертеңгілік жаттығулар – бұл күніне ең аз физикалық белсенділік. Оны таңертеңгі жуыну сияқты әдетке айналдыру керек. Отырықшы жұмыс күнінен кейін ағзаны қалыпта ұстау үшін дене еңбегімен өтелуі абзал.
2. Дұрыс тамақтану. Күнделікті тұтынатын тағамдар ішінде көкөністер, жемістер, дәнді дақылдар, ет – оның майсыз сорттары, жаңғақтар, кептірілген жемістер болғаны жөн. Тұз, қант, майларды шектеу керек. Өнімдерді аспаздық өңдеу әдісі ретінде бумен пісіруді, бұқтыруды, пісіруді таңдаған дұрыс.
3. Тұтынылатын судың мөлшерін қадағалаңыз. Оның жеткілікті мөлшері – күніне кем дегенде 1,5 литр – барлық органдардың қалыпты жұмысына ықпал етеді.
4. Денені психоэмоционалды шамадан тыс жүктемелерден сақтаңыз және стресстік жағдайлардан аулақ болыңыз. Себебі ұзақ мерзімді күйзеліс иммунитетке қатты соққы береді. Теріс гормондардың деңгейін жоғарылату арқылы ол денсаулықты сақтауға көмектесетін гормондардың бөлінуін тежейді. Күйзеліспен күресуді үйрену арқылы сіз өзіңізді семіртетін, ашуланшақ және ұмытшақ ететін артық гормондардың ағынын тоқтатасыз.
5. Еңбек пен демалыстың тепе-теңдігін сақтаңыз, ағзаны толық қалпына келтіру үшін ұйқыға жеткілікті сағат бөліңіз – кем дегенде 7-8 сағат.
6. Жаман әдеттерден барынша бас тартыңыз.
7. Жұқпалы аурулардан белсенді қорғануға тырысыңыз. Вакцинаның алдын алу – инфекциялармен күресудің ең сенімді әдісі.
Дені сау болғыңыз келсе, салауатты өмір салтын ұстаныңыз. Сіздің жаңа ұраныңыз: құр босқа жату – жоқ, көбірек жаттығу және таза ауа – иә! Жаман әдеттер, күйзеліс – денсаулықтың басты жауы. Барынша жағымды эмоциялар алуға тырысқаныңыз және дұрыс тамақтануға көңіл бөлгеніңіз абзал.
Қорыта келсек, денсаулық – бұл әр адамның және жалпы қоғамның баға жетпес байлығы. Бізге жақын адамдармен кездесу мен қоштасулар кезінде біз оларға әрқашан жақсы денсаулық тілейміз, өйткені бұл толыққанды және бақытты өмірдің басты шарты.
Гульмарал Авенова,
Бакытгул Досымбекова,
Панфилов аудандық ауруханасының қызметкерлері




