2024 жылдың 7 айында қазақстандықтардың таза инвестициялық кірісі 1,38 трлн. теңгеден асты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 619,3 млрд. теңгеге немесе 81,4%-ға артық.
2024 жылдың 7 айында БЖЗҚ-дағы міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы активтерінің кірістілігі осы кезеңдегі инфляция 4,7% болған кезде 7,51% көрсетті. Егер зейнетақы активтерінің жылдық кірістілігін қарастыратын болсақ, онда ол 2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 12,72%, ал инфляция 8,6% болды.
2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша БЖЗҚ-ның жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтерінің кірістілігі – 2,53%.
Инвестициялық кіріс қаржы құралдары бойынша сыйақы түріндегі кірістерден, қаржы құралдарын нарықтық және валюталық қайта бағалаудан, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістерден тұрады. ҚР Ұлттық Банкі және инвестициялық портфельді басқарушылар инвестициялық портфельді үнемі әртараптандырып отырады. Яғни, зейнетақы активтері түрлі қаржы құралдарына, валюталарға инвестицияланып, нарықтағы жағдайға қарай үнемі қайта бөлініп орналастырылады. Мұндай әртараптандыру оң нәтиже беріп, орнықты инвестициялық кірістілікті қамтамасыз етеді.
Зейнетақы жинақтары – бұл ұзақ мерзімді инвестициялар. Сондықтан инвестициялық кірістің мөлшерін кем дегенде бір жылда талдаған жөн. Мәселен, жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған 1998 жылдан бастап 2024 жылғы 1 тамызға дейінгі инвестициялық кірістілік өспелі қорытындымен 885,26% көрсетті. Бұл кезеңдегі инфляция – 794,46%. Осылайша, ұзақ мерзім ішінде жинақталған инвестициялық кіріс инфляциядан асып түсті.
«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы
Фото: арнайы дереккөз





