Облыстағы елді мекендерді газдандыру жұмысының қарқын алуы, тұрғын үйлердің көптеп салынуы, су желілерін жаңғыртудың сұранысына байланысты құрылыс материалдарын өндіретін өндірістер де көбеюде. Әрине, тұтынушылар үшін сапалы және бағасы қалта көтеретін материалдарды алыс шетелден тасымалдағанша, іргесіндегі зауыттардан тапсырыс арқылы сатып алған тиімді.
Талдықорған қаласында жалпы 106 млн. теңге инвестиция тартылған айына 140 тонна газ, су, электр желілеріне қолданылатын құбыр өндіретін «Полиммер Piре» ЖШС маусым айынан бері жұмыс істеп келеді. Кәсіпорын жетекшілері Қытайда өндірілген, компиютермен толық жабдықталған бірегей станоктарды сатып алып, өздері құрастырып шығыпты.
– Құбыр шығаратын зауыт құру жоспары 2011 жылдан басталды. Мақсатымызды орындау үшін 2020 жылдан бері қарқынды түрде жұмысқа кірістік. Қазір мұнда су, газ, электр желілеріне қажетті диаметрі 15 мм-ден 160 мм-ге дейінгі, ұзындығы тапсырыс берушінің өлшемі бойынша дайындалатын құбырлар шығарылады. Маусым айында керекті құжаттарын толық реттеп, іске кірістік. Жаңадан ашылып жатқан соң тапсырыстар көп емес. Біз өндірілетін құбырлар базарда сатылмайды, оның үстіне сапасы халықаралық талаптарға сай. Алдағы уақытта пластмастан құбыр өндіруге қажетті шикізаттар шығаратын зауыт ашсақ деген де ой бар. Ол кезде өнімнің бағасы арзандап, сұраныстың артатынына сенімдіміз, – дейді «Полиммер Piре» ЖШС құрылтайшысы Нұрдәулет АҚКӨЗ.
Зауыттағы құрылғыларды Нұрдәулет Есенұлы өзі құрастырып шығыпты. Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша бітірген азамат осы жобаға келгенше мемлекеттік қызметтер атқарған, жеке кәсіпкерлікпен, мал шаруашылығы, жер өңдеумен де айналысып тәжірибе жинапты. Қазір болашақ мақсатына жету үшін бар ынтасымен нарықтағы жағдайды қадағалап жүр.
– Құбыр өндіретін шикізаттарды Иран, Қытай, Ресей елінен әкелеміз. Әр елдегі ақша бағамының өрлеуі мен төмендеуі сол елдегі шикізаттың бағасының жоғары-төмендігіне әсер етеді. бізде нарықты зерделеп, өзімізге тиімді бағадағы шикізаттарды сатып аламыз, – дейді жас кәсіпкер.
Аумағы 600 шаршы метрді құрайтын зауытта 4 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың бәрі жергілікті азаматтар. Құрылғыларды қолданудың барлық тетігін меңгеріп алғанын байқатты.
– Құбыр өндіруге жоғары, орта, төмен қысымды полиэтилен қолданылады. Көбінде су және газ желісін тартуға қолданылатын төмен қысымды полиэтилен шикізатын пайдаланамыз. Жұмыс барысы бірнеше бөлімге бөлінеді. Әрбір құрылғының өз қызметі бар. Бірі шикізатты сорғыш арқылы станокка жеткізсе, екіншісі балқытады, суытады, үшіншісі құбыр шетіне жасыл, сары, көк сызықтарды өрнектейді, ары қарай, зауыттың атауы, өндірілген уақытын, және қосымша ақпараттар лазер арқылы құбыр бетіне таңбалайды. Жалпы, станок қосылып, толық қызғанша 4 сағат күту керек. Содан кейін 1-2 ай тоқтаусыз жұмыс істей беруге болады, – дейді зауыт жұмысшысы Вячеслав Козырев.
Зауыт жаңадан іске қосылғандықтан тапсырыстың көлеміне байланысты жұмысшыларға сағатына 8-10 мың теңге ақы төленеді. Орташа есеппен айтқанда бір адам айына 200-250 мың айналасында жалақы алады. Зауыт басшылығы жұмыс ауқымы ұлғайып, тапсырыс көбейгенде тұрақты жалақы төлеуді ойластыруда.
Жақсы оймен басталып, қаз-қаз басып келе жатқан Отандық өндірістің болашағы жарқын болары анық. Өйткені, бұрындары арзан материалға жүгіретін жұрт бүгінде сапалысын іздейтін болды. «Полиммер Piре» ЖШС тұтынушылардың талабына сай өнірісті жүргізіп отырғандықтан құбырларға тапсырыс берушілердің қатары көбейе түсіпті.
Қажет АНДАС





