Тіл тағдыры – ел тағдыры. Ұлтымыздың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынов айтқандай: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады». Мемлекеттік тіл – кез келген мемлекеттің ең маңызды нышаны боп саналатыны да сондықтан. Сол себепті де Ту, Елтаңба, Әнұран сияқты рәміздердің қатарында мемлекеттік тілді әрқашан қатар айтамыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында тіл туралы мәселені тереңінен қозғап, үлкен саяси мәні мен маңызы бар екенін қадап айтты. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы үшін мемлекеттік тілде сөйлеу мақтаныш болу үшін оған қажеттілікті арттыру керек деп нақты шешімдер ұсынды. «Біріншіден, мемлекеттік қызметке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек. Екіншіден, біз қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек. Оларды Парламентке, өкілетті органдарға сайлап, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жоғары лауазымдарға тағайындап, мемлекеттік наградалармен марапаттап отырғанымыз дұрыс. Үшіншіден, қазақ тілін қолдану барысында фонетикалық және орфографиялық қателер жіберіп алатын отандастарымызға түсіністікпен қарап, толеранттылық танытуымыз керек. Мұндай азаматтар жастарымыздың арасында да аз емес. Олардың талпынысын мазақ етпей, қайта қолдай түскеніміз жөн», – деді ол.
Бүгінде елімізде 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік тілді дамытудың бағдарламасы да қазақ тілінің ұлтаралық қатынастар тілі деңгейіне жетуіне бағытталған. Көпұлтты мемлекет үшін мемлекеттік тілдің атқарар қызметі ерекше. Мемлекеттік тіл – көпұлтты елдің барлық халқын саяси, мәдени бірлікке ұйымдастырудың басты құралы. Елімізде азаматтардың мемлекеттік тілді меңгеруі үшін барлық жағдайлар жасалып келеді. Қазіргі таңда Жетісу облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы мен оның аудандық, қалалық филиалдарын қосқанда облыс көлемінде 12 орталық жұмыс істейді. Тіл орталықтарының алдыға қойған мақсаты – мемлекеттік органдар, бюджеттік сала, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметшілері мен жеке тұлғалар үшін мемлекеттік және басқа тілдерді оқыту курстарын ұйымдастыру, оқу үдерісін әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз ету, мемлекеттік тілді меңгертудің тиімді жолдарын қарастыру.
Орталықтарда ересектерге арналған мемлекеттік тіл, ағылшын тілі курстары деңгей бойынша ұйымдастырылған. Тіл үйренем деушілерге өз қызметтерін ұсынумен қатар Тіл білімі институты даярлаған тілді игерудің әртүрлі оқу құралдары, әдістемелік кешендер, аудио, бейнежазбалар және басқа да көрнекі құралдар немесе ақпараттық қолданбалы бағдарламалар тоқтаусыз әзірленіп, қолданысқа енгізілуде. Курстарға мемлекеттік, бюджеттік сала қызметкерлерімен қатар жеке тұлғалар да қатысуда. Курс аяқталған соң тыңдаушыларға арнайы куәліктер мен сертификаттар табыс етіледі. Мемлекеттік тіл курсына тілді жетік меңгеріп, үйренгісі келген 18 жастан асқан кез келген аудан тұрғыны қатыса алады, сонымен қатар, біздің орталықта мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалау жүйесі ретінде ұлттық тестілеу орталығының ҚАЗТЕСТ жүйесі арқылы тест тапсыру барысында мемлекеттік тілді қай деңгейге дейін меңгергендігін анықтап біле алады.
Гүлдана ЕСБОЛОВА,
«Тіл» оқу-әдістемелік орталығының
Қаратал аудандық филиалының меңгерушісі





