Ел бойынша биыл 16,7 млн. гектар алқапқа дәнді-дақылдардың тұқымы себілді. Бүгінде оның 928,2 мың гектары жиналып, 1,8 млн. тонна астық бастырылды. Орташа өнімділігі гектарына 19,3 центнерден айналуда.
ҚР Премьер-Министрі баспасөз қызметінің мәліметінше, жаппай егін жинау жұмыстарының басталуы тамыздың үшінші онкүндігіне жоспарланған. Егін жинау ісін жүргізуге шаруаларға 64 мың тоннадан аса жеңілдетілген дизель отыны жөнелтілді. Бекітілген кестеге сәйкес аймақтарға нарықтық бағадан төмен деңгейде тіркелген баға бойынша шамамен 355 мың тонна дизель отыны жеткізілмек.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстауды, қажеттілік туындаған жағдайда аграршыларға астықты кептіруге қосымша дизель отынын бөлуді тапсырды. Сонымен бірге 10 қыркүйекке дейін элеваторларды өткен жылғы егін қалдықтарынан босату міндеттелді. Облыс әкімдіктері бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, элеваторлар қызметі бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуі тиіс.
Сондай-ақ, өндірілген агроөнеркәсіп кешені өнімдерін басым экспорттық нарықтарда өткізуді қамтамасыз етудің маңыздылығы аталып өтті. Сауда және интеграция министрлігі осы бағытта Қытай, Таяу Шығыс, Африка, сондай-ақ, басқа елдерден келген серіктестермен жұмысты жандандыруы қажет.
Олжас Абайұлының сөзінше, сапалы егін жинау және оны сақтау ел үшін ерекше маңызға ие. Күнделікті туындайтын мәселелер дер кезінде пысықталып отыруы қажет. Бұл тек министрліктерге ғана емес, сондай-ақ, әкімдіктер мен шаруалардың өздеріне де қатысты. Ауылшаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп, егін жинау жұмыстары мен дәнді дақылдарды сақтау мәселесін ерекше бақылауда ұстауы тиіс.
А. Ыбырай





