Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Бидай генетикасы және геномикасы» атты II Орта Азиялық ғылыми семинар өтті.
Жиында Жетісу университетінің «Speed Breeding» және «Молекулалық селекция» атты әдістері практика жүзінде талқыланды. Сондай-ақ, ел бойынша жеті озық ғылыми орталық ғалымдары зерттеу жүргізді. Айта кететін жайт, шараның ұйымдастырушысы Жетісу университетінің генетика және геномика зертханасының меңгерушісі Қанат Ермекбаев.
Ұйымдастырушылар оқу ордасы жылыжайында заманауи генетикалық технологияларды дамыту және пайдалану мүмкіндігімен таныстырып өтті.
Қ. Ермекбаевтың айтуынша, дақылдың гүлденуі мен тұқым өндіруді ынталандыру үшін оңтайлы күн ұзақтығын, жарықтың қарқындылығы мен сапасын, сондай-ақ температураны пайдалану арқылы уақытты айтарлықтай қысқарту жайын таразылады.
«Speed breeding» технологиясының басты құндылығы – дәстүрлі өсіру әдістерімен салыстырғанда өсімдіктердің едәуір көп тарауына мүмкіндік беруі. Сонымен, бидай тұқымын жылына 6 рет алуға болады. Белгілі бір қасиеті бар генотиптерді құру уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Оған жылыжайдағы жарықтың жоғары деңгейі, спектрлік құрамы, ылғалдылық және ауадағы көмірқышқыл газының мөлшері сияқты қажетті параметрлері септеседі екен.
Семинарға қатысушылар Алматы қаласындағы Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты нысанымен танысып, келешекте «Бірлескен әлеуетті» жобасын қолға алмақ.
Айгерім ШЫҢҒЫСОВА,
ЖУ студенті





