Жуырда облыстық полиция департаментінде бейбіт күнде ерлік көрсеткен тәртіп сақшылары марапатталды. Нақтырақ айтқанда, Талдықорған қалалық полиция басқармасының патрульдік полицейлері Диас Омаров пен Данияр Базарбаев ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен лайықты марапатталды.
Олардың бұл марапатты алуының өз жөні бар. Жыл басында полицейлер қала аумағын аралау барысында Сырттанов көшесінің бойындағы «Жанна» дүкенінен өрт шыққанын аңғарған. Нысан көппәтерлі тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан. Патрульдік полиция қызметкерлері оқиға орнынан өрт сөндіру қызметіне хабар беріп, үй тұрғындарын эвакуациялаған. Мұнан бөлек, қызметіне адалдық танытқан Қаратал аудандық полиция басқармасының қызметкерлері де марапат биігінен көрінді.
– ҚР Ішкі істер министрінің нұсқауымен Қаратал аудандық полиция басқармасының патрульдік полиция қызметкерлері Ринат Асқарұлы мен Рахым Рахатұлы «Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Олар биылғы 16-ақпанда Бастөбе ауылында ер адамды аяусыз өлтірген күдіктіні ұстаған, – дейді облыстық полиция департаментінің бастығы Сарқытбай Құсаинов.
Сондай-ақ, департамент бастығының бұйрығымен Жетісу облысының төрт тәртіп сақшысы қызметтік борышын атқару барысында көрсеткен ерлігі, ұлттық қауіпсіздікке қосқан үлесі, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз еткені үшін төсбелгімен марапатталды.
Дастанбек САДЫҚ





