Талдықорған қаласында мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтілді.
Шаһардағы «Жастар» саябағында өткен іс-шараны қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Өтенай ауылдық мәдениет үйі бірлікте ұйымдастырған.
Салтанатты жиында Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл аймақтағы барлық өнер иелерін мерейлі мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Шаһар басшысының сөзінше, бүгінде облыс орталығындағы 20-дан астам мәдени мекемеде мыңнан аса қызметкер еңбек етеді. Бүгінде олар талмай еңбектеніп ұлттық өнерді кеңінен насихаттауда.
– «Мәдениет пен өнер – рухани өміріміздің тұтқасы. Дана халқымыз «Өнер – ұлттың жаны»,– дейді. Сол себепті, өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады. Осы жолда ұлттық өнеріміз бен мәдени мұрамызды насихаттауда мәдениет қызметкерлерінің еңбектері ерекше. Жетісу өлкеміз қасиетті өнердің киелі бесігі, дарынды тұлғалардың мекені. Аса құрметті мәдениет қызметкерлері, сала ардагерлері! Сіздердің еңбектеріңіз қашанда халықпен бағаланады. Осы салада аянбай еңбек етіп жүрген сіздерге өз тарапымнан үлкен алғысымды білдіремін. Еліміздің өркендеп-өсуіне, мәдениет биігіне шығармашылық тұрғыдан қызмет етіп, халықты тамаша өнерлеріңізбен қуанта беріңізулеріңізге тілектеспін!», — деді шаһар басшысы.
Осыдан соң бірқатар өнер иелері арнайы Алғыс хаттармен марапатталып, қала мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосып «Үздік» атанған әнші, биші, көркемдік жетекшілерге ақшалай сыйақы табысталды. Шара соңы өңір өнерпаздарының концерттік бағдарламасына жалғасты.
Айдын КӘЛІМХАН





