«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтқандай, елімізде мыңдаған ұстаз еңбек етуде. Ұрпақ тәрбиесіне зор үлес қосып, оқушыларға саналы білім, саналы тәрбие беруде.
Тарихы терең қазақ халқында «білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деген сөз бары бәрімізге аян. Бұл сөзде терең мән жатыр. Қиындығы мен қызығы мол мұғалімдік мамандықтың алатын орны ерекше.
Осындай мамандықты өзінің дарын, білім, біліктілігімен шәкірттерге сапалы білім беріп, ата-аналардың ыстық ықыласына бөленіп жүрген ұстаз – Зәуре Сатыбалдиева. Ол Атамекен ауылындағы А. Розыбакиев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. Зәуре Бексұлтанқызы өте қарапайым, ақынжанды, дарындылығымен, бейімділігімен көпшілікке танымал жан.
Сабақтарында қазақ-ұйғыр ақын-жазушылардың шығармаларын оқытып, талдап отырады. Мектептегі «Көрме сөз» үйірмесінің жетекшісі. Қоғамдық жұмыстардың көшбасшысы Зәуре апайды республика, облыс, аудан ұстаздары жақсы таниды. Білім берген шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етуде. Зәуре өз ісінің шебері, жас ұстаздарға тәлімгер.
Ұлағатты мұғалім отбасында бақытты әйел, сүйікті жар, аяулы ана. Жолдасы Айдар өте еңбекқор азамат. Тұңғышы Айзат журналист, ұлы Мирас дәрігерлік оқудың соңғы курсын тамамдауда. Мұндай отбасыда тәрбиеленіп өскен балалар да еліне ерен еңбек сіңіретіні рас. Ұстаздық жолда талмай еңбек еткен Зәуре Бексұлтанқызының деніне саулық, отбасына амандық, жұмысына табыс тілеймін.
Тоқтаргүл КИІЗБАЕВА,
ардагер мұғалім
Панфилов ауданы





