Көксу ауданының бүгінгі тыныс-тіршілігі ауыл шаруашылығы, өндіріс, құрылыс және әлеуметтік инфрақұрылым салаларындағы өзгерістермен сабақтасып жатыр. Өңір экономикасының негізгі тірегі саналатын аграрлы секторда өнім көлемі артып, өнеркәсіп орындарының жұмысы жандана түскен. Сонымен бірге елді мекендердегі жол, жарық, ауыз су, тұрғын үй және әлеуметтік нысандарды жаңарту бағытында бірқатар жоба жүзеге асуда. Бұл туралы аудан әкімі Дәулет Халелов Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен брифингте мәлімдеді.
Аудандағы тіршіліктің күретамыры саналатын ауыл шаруашылығы биыл да негізгі экономикалық бағыттардың бірі болып отыр. Аудан басшысы ауыл шаруашылығының әлеуеті мемлекеттік қолдау мен шаруалардың еңбегіне тікелей байланысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, жеңілдетілген несие мен субсидиялау тетіктері диқандардың техникалық мүмкіндігін арттырып, өндіріс көлемін ұлғайтуға жол ашып отыр. Мал шаруашылығында да ілгерілеу бар.
– Он айда ірі қара саны 47,8 мың басқа, жылқы 30 мың басқа жеткен. Жыл басынан бері 7,7 мың тонна ет және 21,8 мың тонна сүт өндірілді, – деді Дәулет Кенжеханұлы.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісінде Көксу қант зауытының орны бөлек. Зауыттың өндірістік қуатын арттыру мақсатында жаңғырту жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Ал майбұршақ өңдеумен айналысатын «Уыз Май Индастри» серіктестігі он айда 41,8 мың тонна өнім өндірген. Еңбекшіқазақ ауылындағы «Көксу СМ» сүт зауыты да өңірдегі сүт шикізатын кәдеге жаратуға үлес қосуда. «Бекзат» серіктестігінің шағын су электр станциясы жобасы мен «Beles Agro KZ» құс фабрикасының құрылысы жүзеге асуда.
Аудан әкімі инвестициялық жобалардың басты мақсаты тек қаржы тартумен шектелмейтінін, ең алдымен, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту мен өндірістік әлеуетті арттыруға бағытталуы керектігін жеткізді. Бұл ретте шағын және орта кәсіпкерліктің ьмаңызы зор. Қазіргі таңда ауданда 4218 кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеп, 6,1 мың адамды жұмыспен қамтып отыр.
Құрылыс саласындағы серпін аудан келбетіне өзгеріс әкелуде.
– Он айда 28,5 млрд теңгенің құрылыс жұмысы атқарылып, 13,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Балпық би ауылында әрқайсысы 60 пәтерден тұратын екі несиелік тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға арналған 70 жеке тұрғын үй сатып алуға 1,5 млрд теңге қарастырылған, – дейді әкім.
Денсаулық сақтау саласында ауыл тұрғындары үшін маңызды өзгерістер бар. 2023-2025 жылдары «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында он елді мекенде медициналық нысан салынып, З.Тамшыбай мен Мұқыры ауылдарындағы дәрігерлік амбулаториялар күрделі жөндеуден өткен. Соңғы екі жылда ауданның медициналық ұйымдарына алты санитарлық автокөлік сатып алынған.
Аудан басшысының айтуынша, елді мекендерді дамытуда тұрғындардың күнделікті сұранысына тікелей әсер ететін жобаларға басымдық беріліп отыр. Жолдың сапасы, көшенің жарықтандырылуы, балалардың қауіпсіз алаңы мен қолжетімді әлеуметтік нысандар – ауылдағы жайлы өмірдің негізгі шарттары.
Жалпы, Көксу ауданында атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы ауыл шаруашылығын дамытудан бастап, жаңа өндіріс орындарын ашу, тұрғын үй салу және әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға дейінгі бағыттарды қамтиды. Әрине, әр салада шешімін күткен мәселелер де бар. Әсіресе өнеркәсіп өндірісінің нақты көлем индексін арттыру, инвестициялық жобаларды уақытылы жүзеге асыру және бюджет түсімдерін жоспарлы деңгейге жеткізу маңызды міндет болып қала береді.
Айша СЕРІКҚЫЗЫ






