Астанада Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) Құрылтайшылар кеңесінің отырысы өтті. Халықаралық жиынға WADA президенті Витольд Банька, агенттіктің бас директоры Оливер Неггли, ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Халықаралық Олимпиада комитеті мен Халықаралық Паралимпиада комитетінің, ұлттық допингке қарсы ұйымдардың басшылары және 50-ден астам елдің өкілдері қатысты,-деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Кеңес отырысында Дүниежүзілік кодексті іске асыру, таза спортты қорғау жүйесін жетілдіру, допингке қарсы білім беру мен ғылыми бағдарламаларды дамыту мәселелері талқыланды.
Жиында сөз алған Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қазақстанның таза спорт қағидаттарына берік екенін атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ілгерілетіп отырған «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» қағидаттары спорт саласында да басты бағдар болып саналады. Сондықтан елімізде ұлттық допингке қарсы жүйені нығайтуға, халықаралық стандарттарды енгізуге және жас спортшылар арасында адал бәсеке мәдениетін қалыптастыруға ерекше басымдық беріліп отыр.
Қазақстан мен WADA арасындағы әріптестік 2025 жылғы қазанда агенттік президенті Витольд Баньканың елімізге сапарынан кейін жаңа деңгейге көтерілді. Сол сапар аясында Мемлекет басшысы WADA басшысын ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттаған еді. Ал биыл қос тарап өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойып, білім беру, ғылыми зерттеулер жүргізу және халықаралық тәжірибе алмасу бағыттарындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге уағдаласты.
Халықаралық спорт қозғалысы мен мемлекеттік органдардың өкілдері кіретін WADA Құрылтайшылар кеңесінің бұл басқосуы спортшылардың құқығын қорғау мен спортқа деген сенімді нығайту жолындағы ортақ жұмысқа тың серпін бермек.






