Мен Талдықорған дарынды балаларға арналған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» мамандандырылған лицей-интернатының 11-сынып оқушысы, биылғы мектеп бітіруші түлекпін. География пәнінен бірнеше дүркін республикалық олимпиаданың жүлдегерімін.
Олимпиадада көрсеткен жетістіктерімді атап өтсем, 2022 жылы республикалық KBO-Senior және сол жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада (жаратылыстану-математикалық бағыты) ІІІ орын иелендім. Өткен жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада жаратылыстану-математикалық бағыты бойынша үштікті түйіндесем, биыл аталған олимпиаданың І орын иегері атандым.
Олимпиада – оқушы білімін жетілдіретін, биік шыңдарға жетелейтін жол. Мен география пәнінен олимпиадаға 7-сыныптан бері қатысып, жыл сайын жүлделі орындарға ие болып келемін. Осы пәнді таңдау себебім, география ғылымы – адамның іс-әрекеті және қоршаған ортадағы бір-бірін жетілдіріп тұрған процестерді танып білуі, зерттеуі. Осы олимпиадалар арқылы мен Қазақстандағы география саласын оқытудың бірқатар осал тұсын байқадым. Мәселен, Қазақстанда 7-8-сыныптарда өтетін бағдарламадағы тақырыптарды шетелде 3-4-сыныптарда өтеді екен. Оған дәлелді шетелдің көптеген олимпиадаға дайындық кітаптарынан байқауға болады. Болашақта география пәнін оқыту мен олимпиадалық қозғалысқа бірқатар өзгерістер енгізіп жетілдіруді ұсынамын. Мен өз тарапымнан осындай өзекті шараларға үлесімді қосуға тырысамын. Ол үшін бірінші кезекте халықаралық олимпиадаға өтуім қажет. Мен барынша дайындығымды күшейтіп, болашақта Қазақстандағы географиялық олимпиада қозғалысына атсалысып, бұл ғылымның танымалдылығын арттыру үшін бар күш-жігерімді саламын.
Жалпы, толғанысымның негізі ретінде мені осындай биік белеске шығарған ұстаздарыма, білім нәрін берген ұлағат иелеріне алғыс айтқым келеді. Білімнің қыры мен сырына қанықтырған, тәрбиемізге мән берген, жүріс-тұрысымызға дейін салмақпен қарап, бізді алға талпындырған мұғалімдеріміздің қай-қайсысын да айрықша атап өтуге негіз бар. Енді, міне, біз үшін соғылар соңғы қоңыраудың үнін естігелі тұрған бүгінгі шақта, өзім оқыған лицей-интернаттың әр ұстазына шын риза екенімді паш етемін. Сонымен қатар, еліміздің білім саласында еселі еңбек етіп, оқушыларға барын, нәрін беріп жүрген ұлағат иелеріне барша түлектің атынан да алғыс айтамын.
Бекет ҰЛАН,
«БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ»
мамандандырылған лицей-интернатының 11-сынып оқушысы,
республикалық пән
олимпиадаларының жүлдегері





