«Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» деп Абай Құнанбайұлы айтқандай, өнерден құралақан қазақ баласы жоқ-ау, сірә!? Оған күні кеше ғана жетісулық жас өнерпаздар қатысқан қысқаметражды «Жақсылық пен жамандық», «Тұяқты қыз» фильмдері дәлел.
«Kaz.Production professional video film» киностудиясы түсірген бұл фильмге танымал кино жұлдыздары және жетісулық жас өнерпаздар қатысты. Идея авторлары Олжас Мұсабеков, Мәди Әлімхановтың туындылары жоғары деңгейде түсірілді деп айтуға толық негіз бар. Киностудия Елжан Жармұхамедовтың жетекшілігімен нәтижелі жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда киностудияның қоржынында әлеуметтік роликтер мен қазақстандық эстрада жұлдыздарының клиптері бар. Сонымен қатар, киностудия балалар туындыларына көп көңіл бөлумен ерекшеленеді.
«Тұяқты қыз» фильмін түсіруге команда Көксу ауданы, Талапты ауылын арнайы таңдаған. Фильмде басты рөлді белгілі актер Руслан Нұрманов, Жәудір Сарыпбекова сомдады.
Жетісулық балалар актерлік шеберліктерін шыңдау үшін арнайы мамандардан білім алған. Кастингтен өткен жасөспірімдер өздеріне жүктелген жауапкершілік жүгін жоғары деңгейде атқарып шықты. Жас актерлер образдарға үйреніп, өз рөлдерін лайықты ойнап, мамандардың алғысына бөленді.
Режиссер Шыңғыс Әбдібек қоғамды тәрбиелеу үшін – балаларға түзу жол көрсетуіміз қажеттігін айтады. «Бала – болашағымыз. Біз мұны сөзбен емес, іспен көрсетуіміз керек. Қазір балаларға көп уақыт бөліп, оларды смартфоннан алшақтатсақ, оқуға, білімге, өнерге жол сілтесек, ертең соның жемісін көретініміз анық. Балаларға арналған «Жақсылық пен жамандық» фильмінің тәрбиелік мәні зор. Ең бірінші, олар адами қасиетті, адамды бағалау, сыйлау қажеттігін үйренеді. Талдықорғандық жас өнерпаздар бұл тұрғыда өте жақсы жұмыс жүргізді. Біз осындай дүниелер арқылы балаларға тәрбие беріп, олардың өнерлерін шыңдаймыз», – дейді режиссер Шыңғыс Әбдібек.
Шығармашылық топтың көзге көрінбейтін үлкен жұмысын бар жауапкершілікпен көтеріп жүрген «Kaz.Production professional video film» киностудиясы директорының орынбасары, суретші Мадияр Мойдумхан Жетісу жеріне келген алғашқы сапарына дән риза.
– Біз соңымызда өшпес із қалдырсақ дейміз. Әрине, балалар жақсы тәлім алатындай дүниелерді шығарсақ деп барынша күш-жігерімізді арнаймыз. Осы жолғы туындыларды Жетісу жерінде түсіруді жөн санадық. Расымен де Жетісу жер жаннаты екеніне сөз жеткіздік. Әсіресе, жақсылықты бөлісуге, көмек қолын созуға даяр тұратын тұрғындар біздің жұмыстың жоғары деңгейде өтуіне атсалысты. «Тұяқты қыз» фильмін Талапты ауылында түсірдік. Қаблан Асланұлы есімді азамат көп қолғабыс етті. Керемет табиғатта түсірілген туындыға артық локация да қажет емес болды. Себебі табиғаттың өзі туындыға көрік беріп тұрды. Алдағы уақытта өнерпаздардың туындыларын арнайы көрсетеміз. Балалардың өнерге деген қызығушылықтарын арттыра отырып, жамандықтан жирентуге, жақсылыққа үйретуге атсалысамыз», – дейді ол.
Еңлік КЕНЕБАЙ




