Еркін күреспен кез келген адам айналысып кете бермейді. Оған тайқымас табандылық, қайыспас қайсарлық пен сарқылмас сабырлылық қажет. Осы спорт түрімен машықтандыра жүріп тәрбиелеген шәкірттерім көп. Солардың ішінен топ жарғандары қаншама?!
Оқушым Қанат Талғаттың еркін күреспен айналысып жүргеніне аттай 6 жыл болады. Дарынды шәкірттерімнің бірі де бірегейі. Жеткен жетістіктері аз емес, соның барлығына тәртіп пен талапқа бағынғандығымен, қызу құштарлығымен қол жеткізіп келеді. Жас түлектің «Спорт шеберлігіне кандидат» деген атағы бар. Ол атақты былтыр өткен республикалық палуандар додасында иеленді.
Қанат биыл Петропавл қаласында ұйымдастырылған республикалық біріншілікте жеңімпаз атанып, артқан сенімімді толықтай ақтап шықты. Былтыр ол жарыста 2-орыннан көрінген еді. Облыстық чемпионатты ұтқаннан кейін Жақсылық Үшкемпіров атындағы дарынды балаларға арналған спорт интернатынан шақырту алды. Мұның өзі біз үшін үлкен белес, сол жерден де жақсы нәтижеге жетуді көздейміз.
Қанат өте сабырлы мінезді. Көп сөйлемейтін бір тоға азамат. Бойында қырсықтығы да жоқ емес, сол бәлки, керек те шығар. Жігіттің бірбеткей, намысты болмағы оны әруақытта алға сүйрейді. Қазақта «қадалған жерінен қан алады» деген сөз бар. Осы мінез әр спортшыға тиісті болмағы маңызды.
Жас палуанның болашағынан көп үміт күтемін. Әлемдік додаларда атой салып, ел айбынын асқақтатып жүргенін көргім келеді. Ол үшін аянбай өзін қамшылау керектігін оған үнемі ескертіп отырамын.
Төлеген АРЫНБАЕВ,
дене шынықтыру пәнінің мұғалімі





