«Таза Қазақстан» акциясына аймақтағы ақ халатты абзал жандар да өз үлесін қосуда. «Жасыл апталық» шарасы аясында Талдықорған қаласындағы облыстық фтизиопульмонологиялық және перинаталдық орталықтардың дәрігерлері 200 түп ағаш егіп, ортаны жасылдандыруға сеп болды.
Облыстағы емдеу орталықтары мен ауруханалар үшін ең алдымен ескерілетін дүние – ортаның тазалығы мен көркемдігі. Өйткені, бірінде адам өміріне тым қауіпті аурулар емделетін, енді бірінде еліміздің болашағы саналатын сәбилер өмірге келетін орталықтардың да басты қағидасы осыған бағытталады.
– Біздің ұжымда 287 қызметкер бар. Жаркент қаласында оңалту орталығының бөлімшесі ашылған. Ал 145 орынға арналған Талдықорған қаласындағы орталыққа балалар, жасөспірімдер, ересектер бөлімі кіріктірілген. «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы ұжымымыз белсенділікпен атсалысуда. Ауламыздағы қоқыстарды тазалап, ағаштарды әктеп, жолдарды ретке келтірдік. Ғимараттың кейбір бүлінген тұстарын да жөндеп алдық. Енді, міне, «Жасыл апталық» шарасы аясында облыста алғашқы болып ағаш егіп, ауланы жасылдандыруды қолға алдық, – дейді облыстық фтизиопульмонологиялық орталықтың бас дәрігері Аида Захарова.
Облыстық перинаталдық орталық мамандары да аулаға жас көшеттер отырғызып, шараның шырайын аша түскенін байқадық. Жалпы, 300-ден астам қызметкер істейтін перинаталдық орталықтағы дәрігерлер көктем шыға тазалық шарасын жүйелі жүргізіп келеді. Олар өткен сенбі күні және апта басын есептегенде орталық аумағына 100 түп ағаш егіп, 500 түп гүл отырғызған.
– Орталықта жыл басынан бері 1500-ден астам бала өмір есігін ашты. Өткен түнгі 12-ден бері 5 ұл бала, 6 қыз бала дүниеге келді. Бала болашағына ерекше ден қоятын ел болғандықтан сол балалар өмірге келетін перзентхананың ортасы көрікті, ауасы таза, ауласы көркем болуы керек. Сондықтан тазалық мәселесіне ерекше ден қоямыз, – дейді орталық директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Айгерім Тертюбаева.
Дегенмен, жасыл желек отырғызу оңай болғанымен, оны күтіп-баптау, өсіруге де аз күш кетпейді. Ал облыстық перинаталдық орталық Қаратал өзенінің бойындағы тастақты жерге орналасқан. Сондықтан бұл жерге егілген көшеттерге ерекше күтім керек. Әйтпесе, бүгін еккен жас өскін ертең қурап қалуы да мүмкін.
– Орталықтың орналасқан жер жағдайын ескере отырып, ағаш егіп, гүл отырғызу үшін арнайы қара топырақ алдырдық. Сондай-ақ, егілген ағаш пен гүлді орталықтағы 15 бөлімге жауапты етіп, бөліп бердік. Олар әр күн сайын өздеріне тиесілі аумақтағы ағаш пен гүлді баптап, өсіруге жауап береді. Дегенмен, арасында белгілі жағдайға байланысты өспей қалғандары болса, қайталай егеміз, – дейді облыстық перинаталдық орталық директорының медициналық қызмет көрсету және ішкі аудит қызметі бойынша орынбасары Зейнегүл Рахметова.
Егілген жас өскіндердің толық өсетініне біз де сенімдіміз. Өйткені дәрігерлер: «Ем іздеп келген науқастарға қалай көңіл бөлсек, жаңадан отырғызылған жас өскіндерге де солай қараймыз» деген сеніммен шығарып салды.
Қажет АНДАС





