1989 жылғы күзде Алматыдағы опера және балет театрында «Халықаралық қазақ тілі қоғамын» құру жөніндегі республикалық Құрылтай өтті. Талдықорған облысынан бір топ болып бардық. Еліміздегі әдебиетші, журналист қауыммен біршама таныспыз. Шұрқырасып амандасып, есендік сұрасып жатырмыз. Осындай сәттің бірінде «Қайткен күнде де «Қазақ тілі» қоғамы деп атау керек. Назарбаевтан «Ана тілі» деп атаңдар деген бұйрық бар секілді. Бүйтсек, жаңа ашылар қоғамның жанынан әртүрлі ұлттардың филиалдары құрылады. Қазақ тілі соның бірі ғана болып қалады» деген сөз құлаққа тиді. (Кейін білдік, Назарбаевтың ұсынысына қарсы шығып, басын бәйгеге тіккен Өзбекәлі Жәнібеков екен).
Құрылтай тартыспен басталды. Облыстан келген делегаттардың біразына «Ана тілі қоғамы» деген атауды қадап тапсырғаны көрінді. Екі жақ та берісер түрі жоқ. Осындай кезде мінберге қыз бала жұлқына шықты. Өзін кәріспін деп таза қазақ тілінде таныстырды да:
– Өңкей жақсы ағалар жиналып, «Қазақ тілі» деп атай алмасаңыздар кім болғандарыңыз? Ұят емес пе?! – деп бәрімізді сілейтіп салды.
Дүр ете қалған шапалақтан зал жарылып кете жаздады. Қырқыс та, тартыс та тоқтады. Қоғамды «Қазақ тілі» атау жөнінде Қаулы қабылданды. Абыр-дабырдың үстінде сол қыздың есімін, келген жерін ести алмай қалдым. Іздегім келеді. Амал қанша, еш дерегім жоқ.
1990 жылы Талдықорған облыстық «Қазақ тілі» қоғамын құру жөнінде Құрылтай өтпек екен. Алакөл ауданында Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа кандидат болып тіркеліп, елде жүрген едім. Үстінен түсіппін. Редакция жігіттерімен бірге қатыстық. Бүгін университет иемденіп отырған ғимараттың үлкен залы лық толы жұрт. Әдетте, алдын ала жоспарланған шаруаның мәселелері облыс басшыларымен келісіліп, шешіліп қояды. Төрағасы, көмекшісі іріктеп алынса керек. Талдықорғандағы жиында қоғамның атауына байланысты екі-ұдай пікір болған жоқ. Біразымыз сөйледік, өзекті жағдайларды, қазақ тілінің көкейкесті тұстарын ортаға салдық. Бәрі жоспарлағандай өтіп, Құрылтайды жүргізіп отырғандар қоғамның басшыларын сайлау жөнінде ұсыныс сұрады. Бұл жай ғана мезіреті ғой.
Ешкім қол көтеріп үлгермеді, Президиумда отырған Бәтима Сақауова тәтеміз ұсыныс жасады:
– Мына Камалды сайлайық. Қолынан келеді. Алып кетеді! – дегені.
Облыс басшылары сәл шүйіркелесті де мені мінберге шақырды. Қаперімде жоқ, абдырап қалдым. Мінберге жеткенше бір ой келді. Жаңа қоғам. Әлі бет-бағдары, жұрттың қалай қабылдайтыны белгісіз. Сондықтан жалғыз өзіме өте қиын болады. Арқа сүйер күш керек.
Бәтима тәтеме рахмет айтып, төраға емес, орынбасар болайын. Қоғамдық негізде төрағалыққа облыстық «Жерұйық» газетінің редакторы, облыстық кеңестің депутаты Тұрсын Әбдуалиевті сайлайық деген ұсыныс айттым. Тұрсекең облыста өте беделді. Ал журналистеріміз кілең «Сен тұр, мен атайын!» деген азаматтар. Облыс басшылығы да, Бәтима тәтеміз де ұсынысқа келісті. Сөйтіп, құрылтайдан Талдықорған облыстық «Қазақ тілі» қоғамының жетекшісі болып шықтым. Халық- аралық «Қазақ тілі» қоғамыныңТалдықорған облысындағы ұйымы құрылды.
1990 жылдардың басы қазақ халқының кеудесіне от толған шақ еді. Жұрттың ынтасы, ұлтжандылығы лаулап жанып тұрған. Аталарымыздан қалған «Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан» деген нақылды бетке ұстаған азаматтар білек сыбанған. Өзіме көмекші етіп мектеп мұғалімі Гүлсара Тастанбекқызын алдым. «Иә, сәт!» деп іске кірістік. Гүлсара қазір Алматы облысы білім басқармасы басшылығында.
Бірліжарым ауданмен текетірес те болды. Талдықорған облысында орыс көп. Солармен шатақтасып қалғысы келмей, иіні жұмсақ, момын, айтқанға көнетін, зейнеткер ақсақалдарды таңдаған аудандардың төрағалыққа ұсынған кандидаттарымен келіспей ренжістік те. Бірақ өз позициямызды табан тіреп қорғадық. Ондай можантопайларды қатарымызға қоспадық.
Өкініштісі, республикалық қоғамның екінші пленумына барғанда Мемлекет басшылығының «Қазақ тілі» қоғамына онша ықыласты емес екенін анық аңғардық. Алғашқы Құрылтайда уәде етілген мемлекеттік қамқорлық, қаржылай жәрдем жасалмады. Тіпті, пленумдарға біреуі қатыспады. Мұны ашына айттық. Әсіресе, сүйегі әзірбайжан болғанымен жан-тәні қазақ Асылы Османова апайымыз оңдырмады.
– Төраға ұйғыр тілінің маманы, орынбасары доктор болсам деп жүрген ғалым. Сонда жұмысты кім істейді? Бұл қоғамға шаншылып отыратын, кеңсе қағазына батпандай, мемлекеттік қызметте болған, басшыларды танитын «чинуш» керек. Әлден жылы қабақ жоқ, ертең қырын қабақ боламыз, – деді.
Айтқаны келді. Назарбаев Құрылтайда кеткен есесін қайтаруға көшті. «Қазақ тілі» қоғамын бір сөзінде аузына алмады. Мұны өзінен төмендер дөп басып түсінді. Халықтың керемет құлшынысымен ашылған «Қазақ тілі» қоғамына сол халық қана тірек болды.
Әр облыс шама-шарқынша іс атқарды. Бір шара керек екені анық еді. Әне-міне дегенше екі жылға жуық уақыт өтті. Бірде облыс әкімі Сағынбек Тоқабайұлы шақырды. Бардым. Облыстық мәдениет басқармасының бастығы зейнетке шыққан екен. Сол орынға мені жөн көріпті. Келіспедім. Облыс халқы құрған қоғамды тастап кете алмайтынымды айтып, кешірім сұрадым. Осымен тарастық. Өз кеңсеме келіп, ақындар бөлімін басқарып жүрген Кендебай мен Гүлсараны құлағдар еттім.
Ертесіне тағы шақырды. Облыс әкімі С. Тұрсынов қазақы, серілігі бар, көпшіл азамат болатын. Есіктен кіргеннен қолыма мені тағайындау туралы Жарлық ұстатты. Шегінетін жерің жоқ дегені. Дәл осы сәтте ойыма бір идея орала кетті.
– Жақсы, Сәке! Бірақ бір ұсынысым бар.
– Айт!
– Мәдениет қана емес, «Талдықорған облыстық тіл және мәдениет басқармасы» етіп қайта құрыңыз. Қазақ тіліміз қоғамдық негізде қашанғы жүреді? Ұлттық тілімізге облыста мемлекеттік статус берейік.
– Жақсы пікір. Келістік!
Ұйымдастыру бөлімінің басшысын шақырып алды да бұйрықты біз уағдаласқандай етіп қайта жазып әкелуді міндеттеді. Сөйтіп, 1992 жылдың ақпанының аяғында Талдықорған облысында республикамыздағы тұңғыш Тіл басқармасы құрылды. Бұл үлкен жаңалық еді. Раушан Жәнібекованы орынбасар етіп өзім тағайындадым. Арада 4-5 ай өткен соң республикалық Тілдер министрлігі құрылып, алғашқы пленумын Талдықорған қаласында өткізді, облыстың тәжірибесін үйренді.
Осы кезде облыстағы екінші бір мәселе көзіме түсті. Жетісудың табиғи, тарихи, мәдени ескерткіштері қараусыз қалыпты. Бүйте берсе өте құнды жәдігерлерден айырылып қаламыз. Әкімге жағдайды түсіндіріп, табиғи, тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі инспекция құруды ұсындым. Сағынбек Тоқабайұлы мұны да дереу қолдады. Осының арқасында облыстағы барлық ескерткіштерге жеті-сегіз ай ішінде паспорт жасалды, түгел тізімделді. Облыс әкімінің шешімімен ескерткіштердің күтімі аудан әкімдеріне жүктелді. Әрине, ұлтымызға еш қажеті жоқ қайсыбір ескерткіштерді сызып тастадық. Кейінірек бұл бастамамыз да республикада кеңінен қолдау тапты. Қазір мұндай инспекциялар барлық облыстарда құрылған.
Камал АБДРАХМАН,
«Құрмет» орденінің иегері, Алакөл ауданының Құрметті азаматы





