Саялы өңір Сарқан ауданында қыс айларында ауыл, қала жастарының саламатты өмір салтын ұстануына, спортпен айналысуына, бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік мол. Сенбі күні дәстүрге айналған «Шынықсаң – шымыр боласың» атты денсаулық фестивалі тау бөктерінде өтті.
Шара басында сөз алған аудан әкімі Ғалымжан Маманбаев жиналған қауымды саламатты өмір салтына сай спорттың барлық түрімен айналысуға шақырып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Өңір басшысы өз сөзінде ауданның спорт саласындағы жетістіктеріне тоқталып, осы сала бойынша қолға алынып жатқан тың жоспарларымен бөлісті.
Бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының ұйымдастыруымен болған денсаулық фестивалі өте қызықты әрі тартысты өтті. Аудан тұрғындары жас ерекшеліктеріне қарамай спорттық байқауларға белсенді түрде қатысты. Фестиваль аясындағы командалар арасында өткен көңілді сөре жарысы, әйелдер және ерлер арасында өткен қол күрес, гір тасын көтеру, арқан тартыс, шағын футбол жарыстарынан тұратын спорттық ойындар жиналған қауымға ерекше әрі қайталанбас әсер сыйлады.
Сонымен шағын футболдан жүлделі І орынды политехникалық колледж алса, ІІ орынды Аманбөктер ауылы еншіледі. Ал ІІІ орын аудандық Мәдениет үйіне бұйырды. Арқан тартыстан І орынға политехникалық колледж, ІІ орынға көпсалалы колледж, ІІІ орынға Островский атындағы мектеп-лицей ие болды. Эстафетадан І орынға политехникалық колледж, ІІ орынға көпсалалы колледж ие болса, ІІІ орынды Островский атындағы мектеп-лицей қанағат тұтты. Қол күресінен ерлер арасында І орынды Қ. Хаметсапа, ІІ орынды С. Булегенов, ІІІ орынды А. Күндәулетов жеңіп алды. Қол күресінен әйелдер арасында І орыннан С. Кабденова, ІІ орыннан А. Елюбек, ІІІ орыннан И. Тайменкенова көрінді. Гір тасын көтеруден І орынды Қ. Қаймақбаев, ІІ орынды Қ. Қуанышұлы, ал ІІІ орынды Д. Калыгулов иеленді.
Ауданның үлкен-кішісіне сергектік сыйлаған Денсаулық күні көпшіліктің есінде қалды.
Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ
Сарқан ауданы





