Көксу ауданы күн санап көркейіп келеді. Күні кеше ғана берілген блокты-модульді медициналық пункт, спорт алаңдары, жаңарған аудандық стадион аудан халқының игілігіне қызмет көрсетуде.
Жұмыс сапарымен Көксу ауданына барған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Ғалиасқар Сарыбаев пен Амангелді Толамисов әлеуметтік нысандарды аралап, аудан тұрғындарының өтініш-тілектерін тыңдап, халық көтерген мәселе аяқсыз қалмайтынына сендірді.
Депутаттар жұмыс сапарын Мұқаншы ауылында таяуда пайдалануға берілген блокты-модульді медициналық пункттен бастады. 108 шаршы метр медициналық пункт тіркелген тұрғындарға алғашқы медициналық санитарлық көмек көрсету үшін қажетті жабдықтармен толық қамтылған. Мұнда акушерлік кресло, төңазытқыш, компьютер, стерилизатор және басқа да медициналық құрал-жабдықтар бар.
346 тұрғыны бар Мұқаншы ауылында 14 жасқа дейін 51 бала бар. Диспансерлік есепте тұратын тұрғындар саны 58. 27 тұрғын жүрек-қан тамыр ауруларымен ауырады. 4 науқас қант диабеті ауруы бойынша, 2 жүкті әйел және 1 мүмкіндігі шектеулі жан тіркелген. Ауыл халқына 1 орта буын медициналық қызметкер қызмет көрсетеді. Тұрғындарға жылжымалы медициналық кешен арқылы қажетті мамандардан құрылған топ арнайы кесте бойынша ауылға келіп, тұрғындарға мамандандырылған медициналық көмектің қол жетілімдігін қамтамасыз етеді.
Медициналық пункт жұмысымен танысқан депутаттар болашақта ауылда дәріхана ашу ісін қарастырып, халыққа аурудың алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізуді сала мамандарына тапсырды. Ауыл тұрғындарының назарын бұқаралық спортқа бұру арқылы денсаулықты қадірлеу керектігін жеткізді.
Мұқаншылық белсенді азаматтар Сенаторларға көгілдір отынмен қамту, көшелерді жарықтандыру мәселесі бойынша өтініштерін жеткізді. Депутаттар тұрғындар өтініші аяқсыз қалмайтынын айтып, келер жылдары мәселе өз шешімін табатынын жеткізді.
Депутаттар толық реконструкциядан өткен 840 орынды Батыржан Оңғаров атындағы орталық стадионға келді. Заманауи технологиялық талаптарға сай ауыстырылған футбол алаңында жыл он екі ай үздіксіз доп тебуге жағдай жасалған. Қысты күні қар тазалайтын арнайы техника да алынған.
2021 жылы мамыр айында пайдалануға берілген дене шынықтыру сауықтыру кешенімен танысқан халық қалаулылары мұндай нысан республикада санаулы екенін айтты. Күрес, бокс, ойын және тренажер залында спорттың 13 түрімен айналысуға мүмкіндік көп. Әр залда жаттығу жұмыстарын жүргізіп жатқан болашақ спортшылармен тілдескен депутаттар жастарға ақжарма тілектерін айтып, сәттілік тіледі.
Көксу ауданында атқарылып жатқан жұмыстармен толық танысқан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары оң бағасын беріп, жауапты сала мамандарының жұмысына сәттілік тіледі.
Еңлік КЕНЕБАЙ
Көксу ауданы
Суретті түсірген Руслан Қадыров





