Талдықорғанда пышақталған қыздың ісі бойынша полицейлер жазаланды, — деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі өкілдері Tengrinews.kz сайтының ресми сауалына берген жауабында айтты.
«Бұл дерек бойынша қызметтік тергеу жүргізілді. Нәтижесінде Талдықорған қалалық ІІБ-нің бес қызметкері қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес соталды тергеп-тексеру деректері жария етілмейді. Егер бұл тергеу мүдделеріне қайшы келмесе және басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбаса, прокурордың рұқсатымен және ол рұқсат еткен шамада ғана жария етілуі мүмкін, — деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.
Бұған дейін «Не молчи» қоры полицейлер қорғауындағы әйелге «заңсыз және қорлау әрекеттерін» жасағаны туралы хабарлады: олар оны реанимациядан бір сағаттан кейін, наркоздан әлі айыға қоймаған кезде ауруханадан шығарып, жауап алып, мәжбүрлеп құжатқа қол қойғызған.
«Өзіңіз елестетіп көріңізші: сіз отадан шықтыңыз, дәлізде отырсыз, наркоздан айықпағансыз. Ал сізді көтеріп, бөлімге жауап алу үшін алып кетті. ##НеМолчиKZ қоры барлық қатысқан қызметкерді жауапкершілікке тартуды талап етеді. Бұл мұндай заңсыз әрекеттер қызметкерлердің жеке мүддесі мен уәжіне байланысты істелді деп есептейміз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми жауабын күтеміз», — делінген хабарламада.
Алайда Жетісу облыстық полиция департаменті өкілдері қордың бұл айыптауын жоққа шығарды.
Фото: Видеодан алынған кадр





