Орталық Азия елдері әйелдер диалогының халықаралық конференциясында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов отбасындағы зорлық-зомбылық құрбаны болған әйелдер не себепті арыздарынан бас тартатынын айтты, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Конференция «Өңірдегі гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күрес: тиімді және тұрақты бірлескен шешімдерді іздеу» тақырыбына арналған.
Бұған дейін Мәжіліс төрағасы тұрмыстағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті криминизациялау қарастырылып отырғанын айтқан болатын.
«Тек заңнамалық шаралар жеткіліксіз екенін бәріміз түсінеміз. Бізге бүкіл қоғамның көзқарасын жан-жақты қайта бағалау қажет. Бізде әлі де тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа төзімділік жоғары деңгейде екенін мойындаймыз. Мысалы, социологиялық зерттеулердің нәтижелері көрсеткендей, зорлық-зомбылық құрбандары жиі татуласуға келіседі», — дейді ол.
Қошановтың айтуынша, құрбандар бірнеше себептер бойынша да өз арыздарын қайтарып алады:
- туыстары мен достарының сөзінен қорқу;
- агрессордан қорқу;
- жазалау шараларын жеткіліксіз деп санау.
«Бұл ең алдымен шығыс әйелдеріне тән. Сондықтан бүгінде кез келген құқықбұзушылыққа, әсіресе зорлық-зомбылыққа төзбеушілік ахуалын қалыптастыратын кез келді. Ұйымдастырушылық және үйлестіру шараларын қабылдау қажет», — дейді ол.
Фото: depositphotos.com





