Алакөл ауданы Қытаймен шегаралас аймақ, аумағы арқылы халықаралық теміржол тармағы мен мұнай құбыры өтеді. Айдынды көлімен ерекшеленетін өңірдің туристік мүмкіндігі де мол. Соған сай аудандағы экономикалық салалардың көрсеткіші де көш ілгері. Осының бәрі аймақтың даму мүмкіндігі зор екенін көрсетеді. Экономикасы өркендеген, әлеуметтің әлеуеті жақсы ауданның тұрғындары руханият саласына да ерекше ден қояды. Осы тұрғыдан келгенде жергілікті жұрттың баспасөзге деген құрметіне тәнтіміз. Өйткені, жыл сайын алакөлдіктер «Jetisy» газетіне ықыласпен жазылады. Осы жолғы сапарымызда берекелі елдің пейілді істерінің бірқатарына тағы да куә болып қайттық.
Аудан әкімі Алмас Абдиновпен кездесу әріптесіміз, облыстық «Вестник Жетісу» газетінің Алакөл ауданы бойынша меншікті тілшісі Василий Воробьевты 65 жасқа толған мерейтойымен құттықтаудан басталды.
– Ардагер қаламгердің әрбір мақаласы өзектілігі, тілі және стилінің ерекшелегімен есте қалады. Өңірдің әлеуметтік, экономикалық, білім, денсаулық, тарих саласындағы жаңалықтарын оқырманға шеберлікпен жеткізе білетінін жоғары бағалаймын. Вася ағайды Алакөл ауданының білгірі және шежірешісі деп атауға да болады. Алдағы уақытта да осы бағытынан талмай аудан тарихының жаңа беттерін жазады деген ойдамын, – деді кездесуде аудан әкімі.
Осыдан кейін «Жетісу Медиа» МКК басшысының кеңесшісі Болат Абаған үш бірдей облыстық басылымда жұмыс істеген, ауданның тыныс-тіршілігін өрнектеген материалдары арқылы алакөлдіктерге ғана емес, облыс оқырмандарына етене таныс Василий Воробьевке «Жетісу Медиа» МКК басшысы Шыңғыс Бозымның Алғыс хаты мен бағалы сыйлығын тапсырды.
– Василий Воробьевті 1998 жылдан бері білемін. Шебер журналист, өзіндік ұстанымы бар ұстаз. Кез келген кейіпкермен ортақ тіл табыса алатын және қызықты материал дайындайтын сөз зергері. Алакөл ауданының тұрғындары арасында облыстық газеттің меншікті тілшісі ретінде үлкен құрметке ие. Тақырып таңдамайтын, қаламы ұшқыр журналист, – деп жүрекжарды лебізін жеткізді.
Халқымызда. «Өз-өзіңді сыйласаң, жат жанынан түңілер» деген нақыл бар. Бұл – бірлік пен бекемдіктің, сыйластық пен құрметтің құдіретін білдіретін ұғым. Әрине, Василий Воробьев орыс тілді журналист болғанымен оның әрбір жетістігі бір қазанда қайнап жатқан Жетісу журналистика мектебіне қосылған үлес деп бағалауға болады.
Ең бастысы, алакөлдіктердің тілші қауымға деген шынайы сүйіспеншілігі жанымызды жадыратты.
Қажет Андас





